Нұр-Сұлтанда санитарлық нормаларды сақтамаған бірқатар нысан жабылды

Нұр-Сұлтанда санитарлық нормаларды сақтамаған бірқатар нысан жабылды

Коронавирус инфекциясының таралуы Қазақстанда күн санап артып келеді. Бүгінгі таңда елімізде вирусты жұқтырғандар саны 10 мыңға жуықтап қалды. Сонымен бірге республикада өзін-өзі оқшаулау деңгейі мен санитарлық нормалар сақталмауда. Тіпті соңғы уақытта тұрғындар бетперде киюді де қойған.

Құқық қорғау органдарының өкілдері мен еріктілер вирустың қаншалықты адам өміріне қауіпті екені жайлы қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларды маска тағуға және басқа да қорғаныс құралдарын пайдалануға шақырды.

Сонымен қатар олар коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін санитарлық нормаларды мүлтіксіз сақтау қажетігін де атап өтті. Елорда әкімдігінің ресми сайтының хабарлауынша, еріктілер санитарлық нормаларды сақтамау елордада карантин режимін алып тастау уақытын кейінге қалдыруы мүмкін екенін түсіндірумен ғана шектелмей, тұрғындарға бетперде  таратумен де  айналысты. Күн сайын мобильді топтар аулаларды, қоғамдық орындарды, саябақтарды жаяу патрульдейді.

Бүгінгі таңда елорда біртіндеп қалыпты өмір ырғағына қайта оралуда. Сұлулық салондары, сауда орталықтары, кафелер мен мейрамханалар ашылғаннан бері қала тұрғындары ең көп шоғырланатын жерге айналды. Айта кетейік, барлық жерде санитарлық нормалар бірдей сақталмайды. Осыған байланысты әкімдіктің мобильді тобы полицейлер және эпидемиолог мамандармен бірлесіп, санитарлық нормаларды бұзған нысандарды анықтау үшін күн сайын рейд жүргізеді. Соңғы аптада мамандар 150-ден астам кәсіпорынды тексеріп, санитарлық нормаларды бұзған 12 нысанды жапты.

«Дәмхана, мейрамхана, бар, азық-түлік дүкені, спа-салон және т.б. бірқатар нысанға айыппұл салынды. Жұмысын қайта бастаған нысандар санитайзерлер орнатып, қызметкерлер мен келушілер маска киіп, арақашықтықты ұстану сияқты санитарлық нормаларды сақтауы тиіс»,- деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Еске сала кетейік, 18 мамырдан бастап қонақүй кешендері, қоғамдық тамақтану орындары, дәмханалар, мейрамханалар, діни құлшылық ету орындары жұмысын қайта бастады. Дегенмен, отбасылық және басқа да іс-шараларды өткізуге тыйым салынды. Санитарлық дәрігердің қаулысымен COVID-19 індеті толықтай жойылмайынша түнгі клуб, фитнес клуб, жаттығу залдары, спа салондар, массаж кабинеттері, косметологиялық орталықтар, клиникалардың жұмыс істеуіне тыйым салынып отыр.

«Бұған дейін санитарлық талаптарды бұзған 26 нысан жабылды. Бұл нысандар санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың қатаң сақталуын қамтамасыз етпейінше жабық болады. 150 кәсіпорын ескерту алды. Мұндай қатаң шаралар коронавирустың талауына жол бермеу үшін қабылданды»,- деп мәлімдеді әкімдік.

 

Фото: lada.kz