Пандемия кезіндегі демалыс: Алакөл туристерді қабылдауға дайын

Пандемия кезіндегі демалыс: Алакөл туристерді қабылдауға дайын

Алакөл туристерді қабылдауға дайын. Жолдамаларды брондау мен сату басталды. Шығыс жағалауда 11 552 жатын орны бар демалушыларға арналған 176 орын іске қосылған. Олардың барлығы онлайн брондауға дайын. Бір адамға тұру бағасы шамамен 2600 - 10 500 теңге аралығында.  Әдетте 15 маусымнан бастау алатын туристік маусым осы жылы аймақтағы мемлекеттік Бас санитар дәрігері рұқсатын алғаннан кейін ашылады.

«Семей мен Өскемен қалаларының әуежайына келген барлық жолаушылар  COVID-19 экспресс-сынақтамасын тапсыратын болады. Әуежайларда, теміржол мен автовокзалдарда міндетті түрде медициналық бетперде тағып, арақашықтықты сақтап, санитайзерлерді қолдану керек. Бұдан басқа, келетін және кететін жолаушылар үшін жеке дәліздер жұмыс істейді, әуежай мен вокзал ғимараттарында жолаушыларды шығарып салуға тыйым салынады», - дейді  Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік Бас санитар дәрігері Марат Исмаилов

Алакөл көлінің Шығыс жағалауының барлық демалыс базасында жеке қорғаныс заттары бар. Медициналық бір реттік бетперделер, қолғаптар, зарарсыздандыру заттары, оның ішінде қолды жууға арналған антисептиктер, сондай-ақ температураны өлшеуге арналған байланыссыз термометрлер. Жеке қорғаныс құралдары  демалушылардың өздерінде де болуы керек.

«Егер мейрамханаларда қонақтардың көптеп жиылуына шектеу қою тәртібі сақталса, біз кесте бойынша демалушылардың тамағын ұйымдастыруға, жуатын емес, зарарсыздандыратын заттарды қолданып, жинастырудың арнайы тәртібіне дайынбыз. Жеке қаражат айналымын шектеуге қатысты келетін болсақ, Алакөл — бұл қолма-қолсыз есептесу аймағы, мұнда барлық кәсіпкерлерде есептесуге арналған терминалдар бар. Біз туристік қызмет көрсету бағасын өткен жылдың күзінен бері ауыстырған жоқпыз және демалушыларға өте жоғары деңгейде қызмет көрсетуге дайынбыз. Ал қалғандарын көптеген ауруларды емдеуге қабілетті және иммунитетті нығайтуға көмектесетін Алакөлдің емдік суы мен батпағы жасайды», - дейді ШҚО демалыс кешендерінің бірін ортақ иеленуші Елена Асылбекова

Барлық әуе, теміржол мен автобус жолдарының  бағыты толық жаңартылды Шығыс жағалауының инфрақұрылымын жетілдіріп, автомобиль жолдарын жөндеуге облыс қазынасынан 6 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалды.

«Алакөлде жағалауды дамыту бойынша үлкен жұмыстар атқарылды, бұл бірегей табиғи және емдік қасиеттерінің үйлесуі бойынша Қазақстанның ең үздік шипажайларының бірі деп бағалауға болады, ал болашақта — барлық Еуразия аумағының үздігі қатарына жетуге болады», - дейді  Шығыс Қазақстан облысы Әкімдігінің  туризмді баскару жетекшісі Марат Қабақов.

Сарапшылар осы маусымда өңірде туристердің ағыны артатынын болжап отыр. Алдын-ала есептеулерге сай, Алакөл биыл кемінде 300 мың саяхатшыны қарсы алады.