COVID-19: жалған ақпараттан сақ болыңыз!

COVID-19: жалған ақпараттан сақ болыңыз!

Жалған ақпаратқа жол жоқ! БҰҰ коронавирус жөнінде шындыққа сай келмейтін хабарлармен күрес науқанын бастады. Жедел топтар әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында жарияланған қауесетті іздеп, оны жоққа шығарады. Ұйымның мәліметінше, халықтың 67% жалған деректің таралуына алаңдаулы, ал қалғандары шынайы ақпарат табуға қиналады екен. Бас хатшының ғаламдық байланыс жөнінде орынбасары Мелисса Флемингтің мәлімдеуінше, індет салдарынан қоғамдағы экономикалық және әлеуметтік жағдай ушыққандықтан, жалған ақпаратпен күрес өзекті болып отыр.

«Біз денсаулық сақтау саласында болған ең ауқымды төтенше жағдай кезінде ақпарат таратудағы дағдарысқа тап болдық. Бұл мәлімет жетіспейтіндігіне емес, керісінше тым көп болып кеткеніне байланысты. Нәтижесінде ойдан шығарылған оқиғалар расталған ақпараттан тез тарап кетеді. Бұл денсаулық сақтау саласына зиян келтіріп, адамдардың өміріне қатер төндіреді. Мысалы, әлеуметтік желілерде денсаулыққа зиянын тигізет, кері әсер беретін ем әдісін ұсынуы мүмкін»,-дейді БҰҰ бас хатшысының ғаламдық байланыс жөніндегі орынбасары Мелисса Флеминг.

Әлеуметтік желінің дәуірлеп тұрған шағында Қазақстан да желдей ескен жалған хабарлардан айтарлықтай зардап көрді. WhatsApp мессенжері арқылы таралған тексерілмеген ақпараттар тұрғындардың коронавирусқа қатысты қорқынышын үдетіп жіберді. Олардың ең көп таралғандарына талдау жасап көрсек:

1. «Коронавирус жоқ, жоқ!»  Халықты бұл өтірік ауру дегенге иландыру үшін түрлі дәйектер келтіреді: «Бұл Үкіметтің  астыртын жоспары екен» деген хабарламаның астарында түрлі  саяси болжамдар жатты. Ал «Коронавирус адамды чиптеу үшін таралған ауру» деген хабарлама әлі күнге мессенжерлерде қылаң беріп тұрады.

2. Кім кінәлі? Әлемдік статистика COVID-19  жоққа шығаруға жол бермегесін вирустың қолдан жасалғанын дәлелдемек болып, түрлі хабарламалар  тарады. Мәселен: «Коронавирусты  жасаған АҚШ ғалымы  қамауға алынды», «Уханьда вирус жасалған зертхана табылды». Кейіннен белгілі болғандай  АҚШ-та Чарльз Либер есімді ғалым тұтқындалғаны рас болғанымен оның вирусқа қатысы жоқтығын бүкіл әлем БАҚ-тары жарыса жазды. Ал Қытай билігі Ухань туралы жалған ақпарат таратушыларды айыптады.

3. Айыппұл төлейсің! «Кешкі 19-00ден кейін көшеге шықпаңдар», «Ата-анасыз жүрген балалар үшін айыппұл төленеді» деген хабарламалар да полиция тарапынан терістеліп отырды. Керісінше жалған хабар тарату бойынша айыппұл төлету шынында заңда бекітілгенін еске сала кеткеніміз орынды осы жерде.

4. Ем болсын! Иә, жалған хабар таратуға үйірлер емшілік қасиеттен де ада емес. «Вирусты алкогольмен өлтіруге болады», «Зімбір мен сарымсақ коронавирусты өлтіреді екен» деген хабарламалар есте болар. Жалған хабардың нәтижесі сол, аталған тауарлар құны шарықтап шыға келді.  Кейіннен дәрігерлер алкоголь керісінше адам организмін, оның ішінде иммунитетін әлсірететінін айтып, түсіндіруге мәжбүр болды. Ал сарымсақ пен зімбірдің емдік қасиеті бар болғанымен «тәжді вирустан» қорғай алмайды.

5. Сақ болыңыз! Бұл санаттағы жалған хабарлар әртүрлі болып келеді. Бірде қандай да бір тауардан бас тартуға үндесе, енді бірде мүлде үйге қамап, үрей отын өршіте түседі. «Нұр-Сұлтанда тікұшақпен дәрі-дәрмек себіледі», «Дезинфекция жасайтын ұрылар жүр, есікті ашпаңыз», «Жылқылар коронавирус жұқтырып жатыр, етін сатып алмаңыз». Осы аталған ақпараттардың барлығы да кейіннен тиісті мекемелер тарапынан жоққа шығарылды.

Дегенмен мамандардың айтуынша соңғы уақытта Қазақстандағы коронавирусты инфекцияға қатысты жалған ақпараттар таралуы біршама бәсеңдеді. Алғашқы кезде жұқпалы вирустың бұрын-соңды белгісіз болып келгені түрлі болжам-қауесеттерге тез ұласса, қазір нақты әрі тексерілген ақпарат көздері толассыз хабар таратуда.

«Біздің IFCN деген ұйым бар, бұл international fact-checking network және Eurasian Fact-Checking and Media Literacy Network желілері бар. Осы екі желі де жалған ақпараттармен күресті. Соңғы фактчекинг қазақстандық базада құрылған. 30-ға жуық Еуразия материгіндегі редакцияның басын қосады. Екеуі де коронавирусқа қатысты фактчекерлер альянсын құрып, Қазақстандағы және әлемдегі коронавирусқа қатысты жазылып жатқан материалдарды саралады. Бірақ салыстырмалы түрде алып қарасақ, басқа Орталық Азия елдерінде таралып жатқан ақпаратқа қарағанда бізде анағұрлым көп», дейді Factcheck.kz сайтының бас редакторы Думан Смақов.

Кәсіби маманның айтуынша, жалған хабар мен шынайы ақпараттың ара-жігін анықтау анау айтқандай қиын емес. Фото немесе видео арқылы таралған ақпараттардағы деректерді ғаламтор арқылы тексеруге, ал хабарламалар бойынша құзырлы органдардың мәлімдемесіне жүгінуге болады. Бірақ бастысы адамдар критикалық ойлауы керек және азаматтардың медиа санасын арттыру маңыздырақ дейді Думан Смақов.

 

Фото: bbc.com