Шомылу маусымы-2020: басты орында қауіпсіздік

Шомылу маусымы-2020: басты орында қауіпсіздік

Қазақстанда шомылу маусымының ашылуына да санаулы күн қалды. Суға сүңгіп, күнге қыздырынуға ассыққан тұрғындар ең алдымен қауіпсіздік шараларын ұмытпауы маңызды. Сондай-ақ елорда маңында қай жерлерде шомылуға болады? Өз қауіпсіздігіңді сақтаудың басты шарттары қандай? ТЖД мамандары кеңестерімен бөлісті.

Елімізде ресми түрде шомылу маусымы 1 маусымда басталады. Алайда қазақстандықтар күн ысығалы бері тыйымды елемеуге көшкен. Су айдындарында шомылып жүргендер саны күннен-күнге көбеюде. Ал құтқарушылар жағажайларда қауіпсіздік талаптарына немқұрайлы қараудың арты орны толмас өкінішке ұласуы мүмкін екенін ескертіп, дабыл қағуда. Тек жыл басынан ғана елордада екі адам суға кетсе,  тағы екі адамды құтқарушылар өлім аузынан аман алып шыққан. 

«Адамдар қарапайым талаптарды сақтамайды. Әлі шомылуға болмайды, тыйым салынған. Соған қарамастан адамдар суға түсіп жатыр. Осының салдарынан суға кеткен жаңа жағдайлар тіркелуде. Былтыр 7 адам ереже елемеудің құрбаны болды. Абырой болғанда 24 адамды құтқарып алдық. Көбіне арнайы белгіленгеген жерлерде суға түседі. Ондай жерлерде  судың тереңдігі белгісіз. Маңайда құтқарушылар жоқ. Алкагольді ішімдік ішіп суға шомылатындар көп. Ата-аналар балаларын қараусыз жібереді. Бұл өте қауіпті», - дейді Нұр-Сұлтан қалалық ТЖҚ басқармасының офицері Бауыржан Ахметалин.

Сонымен бірге, елордалық төтенше жағдайлар департаментінде қалада  3 жерде: орталық жағажайда және екі арнайы демалыс аймағында  суға шомылуға рұқсат берілгендігі айтылды. Ал өзге қалалық жағажайларды жабдықтау мәселесі қарастырылып жатыр.  Мамандар ол жерлерде барынша қауіпсіздік шаралары сақталуы үшін жағдай жасауда.

«Бүгінгі таңда қалада 90 тыйым салу белгісі, 20 ақпараттық стенд, 20 жүзгіш ескерту құралдары орнатылды. Жүзу маусымында күн сайын 20 қызметкер, 14 катер, сонымен қатар қоғамдық құтқарушылардан 30 адам, қалалық әкімдіктің Азаматтық қорғаныс орталығының 15 маманы және басқалар жағажайларды күзетеді», - деді Нұр-Сұлтан қалалық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының  міндетін атқарушы Есен Байыров.

Бүгінгі таңда құтқарушылар ескерту парақшаларын, баннерлер, семинарлар, тіпті әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер де жүргізіп, барынша халықты сақтық шараларын ұстануға шақыруда.

 

Фото: dchs.akmol.kz