Коронавирус көктемі-2020: үш ай қандай оқиғаларымен ерекшеленді?

Коронавирус көктемі-2020: үш ай қандай оқиғаларымен ерекшеленді?

Биылғы 2020 жылғы көктем Қазақстанның ғана емес, жалпы әлем тарихында бұрын соңды тіркелмеген ерекше маусым болды. Дүниежүзін қатерлі індет жаулап, әлемнің түпір-түкпірінен шыққан ауру ошағы жаһандық пандемияға айналды. Елдер мен тұтастай құрлықтар карантинге жабылып, жаппай төтенше жағдай жарияланды. Ел халқы осы ұмытылмас үш айда қандай оқиғаларды бастан кешірді. Коронавирус салдарына бірге шолу жасайық.

Наурыз: төтенше жағдай режимі енгізіліп, көшелер қаңырап қалды, адамдар үйге қамалуға мәжбүр болды.

Биылғы наурыз айы шуақты көктемнің басталуымен қатар елге қатерлі індеттің келуімен көптің есінде қалары анық. Коронавирустың алғашқы деректері тіркеліп, елде төтенше жағдай жарияланды. Карантин режимі енгізіліп, кәсіпорындар мен мекемелердің есігі бірінен соң бірі жабыла бастады.

Фото: astana.gov.kz

Қалалар мен елді мекендердің арасында қатынау тоқтатылып, блок-бекеттер қойылды. Үйден тек азық-түлік пен медициналық жабдықтар үшін ғана шығу рұқсат етілді. Сақтық қамында тыйым шаралары күшейтілді.

Фото: kaztag.kz 

Фото: Tengrinews.kz

Ғаламтор желісінде қоғамды дүрліктірген жалған ақпараттар тарай бастады. БАҚ өкілдері мен барлық жаңалықтар қызметі бұл деректерді жоққа шығарып, жаңа індетке қатысты ресми мәліметтер беруге кірісті. Дейтұра, халықтың қауіпі сейілмей адамдар жаппай азық-түлікпен қамданып,  дүкен сөрелері босап қалды. 

Төтенше жағдай енгізілген алғашқы күндері антесептиктер мен медициналық маскаларға деген тапшылық сезілді. Адамдар қорғаныс бетперделерін өздері қолдан жасай бастады.

Фото: livemaster.ru

Сәуір: қашықтан оқу, 42500, медицина қызметкерлерін қолдау шаралары

Көктемнің екінші айында халық төтенше жағдайға көсіліп, шектеу шараларына үйрене бастады. Қазақстандықтардың дені қашықтан жұмыс жасау режиміне көшті. Оқушыларда төртінші тоқсанда онлайн оқу бағдарламасына ауыстырылды. Сәуір айы халыққа 42500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем тағайындалумен де есте қалды.

Төрт қабырғаға оқшауланған адамдар шығармашылық дарындарын шыңдауға көңіл бөле бастады. Өнер майталмандары онлайн концерттер беріп, блогерлер мен ел тұрғындары түрлі челендждер түсіруге бет бұрды. Біздің арнамызда қоғамдық шаралардан шет қалмай, түрлі сала мамандары, сахна саңлақтарымен Instagram парақшасында тікелей сұхбаттар жүргізді.

Бұндай игі бастамалардың дені қауіпті індетпен күрес жолындағы мамандарды қолдау үшін жасалды. Тұрғын үйлердің қабырғаларында көктемнің қаһармандарына айналған медицина қызметкерлерінің еңбектерін ұлықтайтын қылқалам шеберлерінің суреттері  пайда болды.

Індетпен күресу жолының алдынғы шебінде жүрген мамандардың құрметіне тұрғындар балконнан ән шырқап, қолдау білдірді. Танымал отандық әнші Димаш Құдайберген мен опера жұлдызы Майра Мұхамедқызы дәрігерлерге бейнебаян шығарды. Бұл музыкалық туындылар бірден кеңге тарап әлемдік хитке айналды.

Мамыр: карантиндік шектеу шаралары жеңілдетілді, тұрғындар далаға шығып, саябақтарда серуендей бастады, әуе көлігімен жолаушы тасымалы жанданды

Мамыр айында қазақстандықтар тағатсыздана күткен төтенше жағдай аяқталды. Жұмыс орындары қайта жандана бастады. Алайда карантин әлі толығымен ашылған жоқ. Шектеу шаралары жеңілдетілді. Дүкендер, мейрамханалар мен кафелер, шаштараздар сынды қоғамдық қызмет көрсету орындары біртіндеп ашыла бастады. Әуе рейстері жанданды.

Фото: Caravan.kz

Еліміздің тарихында алғаш рет 25 мамыр мектеппен қоштасу шарасы онлайн режимде өтті. Оқушыларға соңғы қоңырауда бейнеқұттықтаулар жолданды. Бұған дейінгі барлық мамыр айының мейрамдары қашықтан аталып өтті. Қазақстан халқы бірлігі мен  батырлар күні, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы да онлайн шараларға ұласты.

Фото: tengrinews.kz

Төтенше жағдай адамдардың өмірлік құндылықтарына қайта қарауға мүмкіндік берді. Оқшаулау кезінде бар уақыттарын отбасына бөлді. Адамдар салауатты өмір салтының маңызын түсініп, денсаулықтарын жақсартуға көңіл бөле бастады. Әуестіктерін шыңдап, дарындарын аша түсті. Қалыпты өмір салтында жүзеге асыратын мақсаттарын айқындап, жаңа белестерді бағындыруға құлшыныстары артта түсті.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: gosnovosti.com