Мектеп сабағы аяқталып, оқушылар демалысқа шықты

Мектеп сабағы аяқталып, оқушылар демалысқа шықты

Қазақстандық мектептерде кезекті оқу жылы аяқталды. Оқушылар білім жүйесінде алғаш рет коронавирус індетіне байланысты соңғы тоқсанда толықтай қашықтан оқыды. Биыл мектептің аяқталуын мерекелеуге арналған басқа дәстүрлі шаралардың барлығына тыйым салынды. 1-10 сынып оқушылары үшін соңғы қоңырау онлайн режимде өтті. Салтанатты шараға тек 11-сынып оқушылары ғана қатыса алады.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналарды соңғы қоңырау мерекесімен құттықтады. Тек бұл жолы пандемияның салдарынан бейнеқұттықтау жолдады.

«Барлығымыз үшін 25 мамыр ерекше жағдайда өтіп жатыр. Әлемдік пандемия біздің күнделікті өмірімізді түбегейлі өзгертті. Биылғы оқу жылы 4 миллионнан астам оқушы мен студенттің есінде қашықтан оқу форматына көшумен сақталады деп ойлаймын. Қысқа уақыт ішінде барлығыңыз жұмысты дұрыс ұйымдастыра білдіңіздер. Бұл мұғалімдердің, оқушылар мен ата-аналардың бірлескен әрекетінің нәтижесі деп білемін», - деді Асхат Аймағамбетов бейнеқұттықтауда.

Министр қашықтықтан оқыту форматы Қазақстанның білім саласында бұрын-соңды болмаған оқиға екенін атап өтті. Асхат Аймағамбетов 2020 жылдың түлектеріне жеке тоқталды. Министр мектеп бітірушілерді ештеңеден қорықпай, мүмкіндіктерді пайдалана білуге шақырды. Жалпы, осы жылы елімізде 150 мыңнан астам түлек мектеп бітіреді.

«Алған беттен қайтпау өте маңызды екенін өз басым білемін. Нақты қадам жасап, ойыңыздағыны іске асыру керек. Мәселен, мен мектеп бітірген соң, бірден бір жылдың ішінде грантқа түсе алмадым. Одан ұялудың еш қажеті жоқ. Менің алдымда екі таңдау болды: біріншісі, ақылы түрде оқу, екіншісі бір жыл дайындалып, келесі ҰБТ-ны қайта тапсыру. Сол кезде бір жыл дайындалып, қайта тест тапсырам деп шешім қабылдадым. Бір жыл уақытымды табанды дайындықпен жұмысқа арнап, нәтижесінде келесі жылы армандаған грантқа қол жеткіздім», - деді министр.

 

Түлектер қорытынды емтиханды тапсырмайды, аттестатқа қорытынды жылдық баға қойылады. Министр ҰБТ түлектердің өміріндегі ең жеңіл емтиханның бірі болатынын айтты. Сондай-ақ, ол түлектерді қателік жасаудан қорықпай, керісінше, одан сабақ алуға үндеді.

«Кішкентай кезімізден бізді қателік жасау дұрыс емес, кешірімсіз деп сендірген. Мектеп қабырғасынан бастап қателік жасамау біздің санамызға құйылып келді. «Табысты адам ешқашан қателеспейді» деген қате ұғым екенін айтқым келеді. Бәрі қателік жасайды, бастысы – одан сабақ алып, тәжірибе жинақтау. Қателік жасап, бәрін қайта бастаудан қорықпау қажет», - деп кеңес берді ведомство басшысы.

Мектеп түлектері үшін аттестат табыстау және соңғы қоңырау мерекесі 3-4 маусымға жоспарланған. Оқу мекемелерінің әкімшілігі іс-шараны мектеп ауласында ұйымдастырады. Ұлттық бірыңғай тестілеу дәстүр бойынша маусымның соңы мен шілденің басында өтеді.

Автор: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: qazradio.fm