Бүгін Халықаралық Түркі академиясының құрылғанына – 10 жыл

Бүгін Халықаралық Түркі академиясының құрылғанына – 10 жыл

Түбі бір түркі әлемінің рухани әрі ғылыми үндестігін жандандыру. Осы мақсата құрылған Халықаралық Түркі академиясына дәл бүгін 10 жыл толып отыр. Аталған уақыт аралығында академия көне дәуірден бүгінге дейінгі бауырлас халықтар тарихын, тілі мен әдебиетін және мәдениетін зерттеп, әлемдік өркениеттегі орны мен ерекше үлесін төлтума деректер негізінде түгендеп келеді, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2009 жылдың 3 қазанында Әзербайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитіндегі түркі дүниесін зерттейтін халықаралық ғылыми орталық құру туралы ұсынысы бірауыздан қолдау тапты. Осылайша, тарихи Нахчыван келісімі негізінде 2010 жылдың 25 мамырында Нұр-Сұлтан қаласында Түркі академиясы ресми түрде өз жұмысын бастады», - дейді TWESCO Президенті Дархан Қыдырәлі.

Түркі әлеміне қатысты ғылыми зерттеулерді үйлестіретін бірегей орталық бірден көптің қолдауын тауып, аясы кеңейе түсті. Араға төрт жыл салып, 2014 жылдың 28 тамызынан бастап Түркі академиясы халықаралық мәртебеге ие болды. Сәйкесінше қызмет ауқымы жылдан жылға өсіп келеді.

«2018 жылы Академияға Мажарстан Республикасы бақылаушы мемлекет ретінде қабылданды. Ал былтыр Әзербайжанда өткен Түркі кеңесінің VII саммитінде Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев республиканың Академияға мүше болуға ниетті екенін мәлімдеген болатын. Бүгінде бауырлас түркі елдерінің ғылым және білім беру салаларын үйлестіретін институционалды интеграциялық құрылымға айналған Түркі академиясы БҰҰ, ЮНЕСКО, IRCICA, ISESCO қатарлы іргелі халықаралық ұйымдармен әріптестік байланыстар орнатып, көптеген ауқымды жобаларды жүзеге асыруда», - дейді Дархан Қыдырәлі.

Туыс елдердің баршасымен жоғары деңгейде байланыс орнатқан Академия 10 жыл ішінде Еуразия және Америка құрлықтары ғалымдарының қатысуымен 120-дан астам ғылыми шараны жүзеге асырды. Бұған қоса, әлемнің көптеген тілдерінде 170-тен астам жаңа ғылыми еңбекті әзірлеп шығарды.

«Халықаралық Түркі академиясы Түркі кеңесі Саммитінде Мемлекет басшылары берген тапсырмаларды жоғарғы деңгейде орындауда. Түркі ынтымақтастығы үшін маңызды бірқатар құжаттарды әзірледі. Атап айтқанда, Түркі интеграциясының тұжырымдамасы мемлекет басшыларының саммитінде мақұлданса, Академия дайындаған ортақ оқулықтар бауырлас елдерге кең таралып, мектеп бағдарламаларына енгізілген», - дейді халықаралық ұйымның президенті.

Түркі Кеңесіне мүше мемлекеттер басшыларының тапсырмасымен жарық көрген «Ортақ түркі тарихы» оқулығы Әзербайжан, Қазақстан, Түркия мектептерінің бағдарламасына енгізіле бастады. «Ортақ түркі әдебиеті» және «Түркі әлемі географиясы» оқулықтары ортақ мұраны зерттеуді көздеген ғалымдардың таптырмас еңбегіне айналды. Одан бөлек, академия «Домбыра» пәнінің оқулық жобасын таныстырды.

Түркі академиясы – Алтын орданың жөніндегі зерттемелердің орталығы

Алтын орданың 750 жылдығына орай Түркі академиясының бастамасымен жақында «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» кітабы жарық көрді. Бұл орайда айта кетерлігі, Түркі Академиясы Алтын Орда жөніндегі зерттемелердің орталығына айналды. Халықаралық форумдар мен жиындарда түркітілдес елдердің ғалымдары ортақ тарихи мұралар мен жәдігерлерді түгендеп, бірнеше халықаралық экспедиция ұйымдастырды.

«Халықаралық Түркі академиясы Алтын Орданың 750 жылдығына байланысты іс-шараларды 2017 жылы бастап кетті. Сол жылы Бұрқан-Қалдунға үлкен ғылыми экспедиция ұйымдастырдық. Археологиялық қазба жұмыстарын бастадық. Келесі  2018 жылы «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» атты халықаралық экспедиция ұйымдастырдық. 15 мемлекеттің ғалымдары, зиялы қауым өкілдері Жошы ханның басына барып, Алтын Ордаға қатысты ескерткіштерді арнайы түсіріп, нақты ұсыныстарымызды әзірледік», - дейді Дархан Қыдырәлі.

Сонымен қатар, 2019 жылы ұйым ЮНЕСКО шеңберінде Алтын Орданың 750 жылдығына байланысты Қазақстан, Қырғызстан,  Монғолия, Түркия және Франция мемлекеттерінде халықаралық конференциялар өтті. Академия осы жұмыстар аясында 20 тарта жаңа кітап басып шығарды.

«Алтын орда дәуірінің тарихи салыстырмалы сөздігі» 4 томдығы, Рашид ад-Диннің «Жамиғат тауарих» 5 томдығы, «Монғолдың құпия шежіресі» сияқты тарихи кітаптарымен қоса, Алтын Орда мұраларын зерделеген жаңа зерттеу еңбектері жүйеленді. Жошыға, Беркеге байланысты, сонымен қатар Алтын Орданың соңғы билеушісі Ер Едігеге байланысты материалдар әзірленді. Осының бәрі Ұлық ұлыстың құрамында болған Монғолиядан Мажарстанға дейінгі аймақтардағы ғалымдардың басын қосу арқылы ұйымдастырылды», - дейді TWESCO Президенті Дархан Қыдырәлі.

Бүгінде Академия жанынан құрылған Түркі кітапханасында 70 мыңға жуық кітап қоры бар. Сонымен қатар, түркі халықтарының тереңнен тамыр тартатын мол мұрасы Түркі музейінде топтастырылған.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: inform.kz