FIFA жас қазақстандық футболшыларды зерттейді

FIFA жас қазақстандық футболшыларды зерттейді

Елімізде дарынды аяқ доп шеберлері іріктеледі. Халықаралық футбол қауымдастығы мен Қазақстан футбол федерациясы талантты жас футболшыларды анықтап, саланы дамытудың инновациялық бағдарламасын іске қосты. Отандық былғары доп мамандары FIFA-ның бас сарапшыларымен өткен бейнеконференция барысында елімізде халықаралық жобаның басталғаны жөнінде мәлімдеді. Жиын барысында «Talent Development – Football Ecosystem Analysis» бағдарламасы туралы егжей-тегжейлі талқыланды.

«Жобаның мақсаты – футбол мектептерінің дарынды оқушыларын анықтау және дамыту үшін қолайлы жағдай жасау. Бағдарламаның аты айтып тұрғандай, біз алдымен қазақстандық футболды өзіндік бір экожүйе ретінде зерттеп, оның инфрақұрылымын жақсартып, футболшыларды тәрбиелеп және дарынды балалардың талантын одан әрі шыңдаймыз. Біз әрбір ұлттық қауымдастықпен бірлесе отырып, жеке бір тәсілді пайдаланамыз. Көптеген елдерде болашағынан зор үміт күттіретін жігіттер кейде футболды тастап кетіп жатады. Олардың әр түрлі себебі бар. Біз мұндай жағдайды азайтуға тырысамыз», - деп атап өтті FIFA сарапшысы Эдвинас Эймонтас

Естеріңізге сала кетсек, осындай ауқымды жобаның жетекшісі – атақты француз бапкері, лондондық «Арсеналды» ұзақ уақыт бойы жаттықтырған, таланттарды бірден танитын қасиетімен танылған Арсен Венгер. Қазіргі таңда ол Халықаралық футбол қауымдастықтары федерациясының жетекшісі және FIFA -ның футболды дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқарады.

«Бағдарлама әр таланттың өзін-өзі тануға мүмкіндігі болатындай етіп жасалған. Көптеген мемлекеттерде бірінші орында ұлттық құрама тұрады. Оның ойын деңгейі елдегі футболдың даму дәрежесін көрсетеді. Мысалы, Еуропа мен басқа мемлекеттердегі ойын деңгейі жоғарылауда. Жобалардың көптеп ұйымдастыру жағдайды теңестіруге, жас таланттарды анықтауға, оларды дамытудың тиімді жолдарын ұсынуға көмектеседі», - дейді Арсен Венгер.

Қазақстанда жас футболшыларды даярлаудың жағдайын зерттегеннен кейін сарапшылар еліміздегі жаттығу жүйесін жақсарту бойынша бірқатар нақты ұсыныстар әзірлейді және оларды еліміздегі құзіретті органдарға жолдайды. Бұдан бөлек, әр түрлі мемлекеттер мен FIFA арасындағы ынтымақтастықтың арнайы картасы жасалады. 

«Бұл жүйені құрудың негізгі қағидалары – тұрақтылық пен өміршеңдік. Яғни жемісін көру үшін шыдамдылық таныту. Бағдарлама ерлер мен әйелдер футболына арналған. Жас таланттарды анықтау, тәрбиелеу және дамытуды ұйымдастыруға арналған жоба жергілікті елдің қоғамдық-саяси жағдайына, әр елдің менталитетіне, сонымен қатар ұлттық футболдың жағдайымен тікелей байланысты», - дейді FIFA  сарапшысы  Раймондас Статкявичус.

Осылайша, FIFA әр елдің өзінің ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып, басқа елдердің озық тәжірибелерін қолдану арқылы мықты ойыншыларды дайындай алатын жүйе құруды жоспарлап отыр. Енді ұлттық қауымдастықтарға, олардың ішінде Қазақстан футбол федерациясына бағдарламаға қатысу үшін 13 резервтік мектепті таңдау тапсырылды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: kaz-football