Оқушылардың жазғы демалысы қалай өтеді?

Оқушылардың жазғы демалысы қалай өтеді?

Қашықтықтан оқыған тоқсан аяқталып, оқушылар жазғы демалысқа шығатын күн жақын. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» демекші, қазір көптеген ата-ана балаларының жазғы уақытын тиімді ұйымдастыруға алаңдаулы.  Әсіресе қатерлі індет жүріп жатқан кезде ойын баласының көңілін аулау оңайға тимейді. Сақтық шараларын ұстану бірінші кезекке шықты. Сондықтан көп ата-ана балаларын топпен бірге жазғы лагерьлерге жіберуге дауаламай отырғандарын айтады.

«Пандемия кезінде балаларымды сауықтыру лагеріне жібермеймін. Өйткені әр баланың иммунитеті әртүрлі. Індет әлі қауіп төндіріп түр. Оданда ауылдағы ата-әжелеріне жіберген дұрыс деп ойлаймын. Онда оларға қажеттінің бәрі бар. Таза ауада серуендеп, ағзаға пайдалы сүт, қаймақ, ірімшік, дәрумендерге толы бақша дақылдары көкеніс, жеміс-жидек жеп қайтады. Қалада болғанда салауатты өмір салтына баулу үшін доппен ойнап, жүгіреміз, сақтық сараларын ескере отырып, далада серуендейміз», - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Гүлмира Қалаубаева.

«Биыл лагерге жібермейміз. Балаларымның саулығы үшін негізі үйде болуға тырысамыз.  Ой-өрістерін дамытатын бағдарламалар көреміз. Кітап оқимыз. Сүйікті тағамдарын жасап, қажетті ойыншықтарын аламыз. Саябақтар ашылысымен күніне бірер сағат далаға шығып, серуен құратын боламыз. Ата-әжелері де осында тұрады. Демалыс күндері сол  кісілердің тәрбиесіне береміз», - дейді үш баланың анасы елордалық Дана Әйтенова.  

Дегенмен еліміздегі балаларға арналған демалыс лагерьлерінің жұмысы тоқтамайды. Елордалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова биыл балаларды сауықтыру орындарында санитарлық талаптар қатаң сақталады деп сендірді. Айтуынша, жазғы лагерьлерде қауіпсіздік шараларының сақталуы қатаң бақылауда болады.

«Елордалық балалардың биылғы жазғы демалысы «Арман» туристік-сауықтыру кешені мен «Боровичок» сауықтыру лагерінде, «Батыр» шатыр лагерінде және «Тұлпар» киіз үй лагерінде ұйымдастырылады. Жазғы демалысқа жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары қамтылады. Сонымен қатар Оқушылар сарайы жанындағы академиясында жазғы демалыс ұйымдастырылады», - дейді Шолпан Қадырова.

Карантиндік талаптар толық күшін жоймаса да 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау мерекесі ескерусіз қалмайды. Биыл  мереке қарсаңында «Барлығы балалар үшін» республикалық акциясы өтеді. Дегенмен мерекелік көңіл-күй сыйлау барысында санитарлық ережелер назардан тыс қалмақ емес. Ал кейбір шаралар онлайн түрде ұйымдастырылмақ.

«Сол күні инстаграм әлеуметтік желісінде ата-аналар мен балалар тікелей эфир арқылы құзырлы органдардың мамандарынан құқықтық кеңес ала алады. Ашық спорт мектеп алаңы ұйымдастырылып, онда асық ату, тоғызқұмалақ, кір тасын көтеру, күрес сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Сол сияқты балалар соқпақ тропинкалық жолымен өтеді және эко асар ұйымдастырылады. Өмірлік қиын жағдайда қалған балалар үшін мерекелік құттықтаулар жүргізіледі», – деді басқарма басшысы.

 

Фото: nedelya40.ru