Қазақ ертегілері әлемдік аудио ойнатқыштарда қолжетімді

Қазақ ертегілері әлемдік аудио ойнатқыштарда қолжетімді

Бұдан былай қазақ ертегілері Apple, Yandex, SoundCloud.com. сынды әлемдік электрондық тұғырнамалардың аудиоойнатқыштарында қолжетімді болады. Дүниежүзінің кез-келген нүктесінен халқымыздың дәстүрлі ертегілері мен аңыздарын тыңдау мүмкіндігі туды. Бұл - қазақстандық танымал блогер Анжела Гарипова мен «Хабар-24» арнасының редакторы Айдана Кәрібжанованың еңбегі. Ең бастысы дыбыстық жазбаларды тыңдау тегін.

«Бұл ой маған карантин кезінде келді. Оқшаулауда отырған ата-аналар балаларымен уақытты тиімді өткізу үшін оны тез арада жүзеге асырдық. Мені әріптесім Айдана Кәрібжанова қолдап, үлкен жұмыс атқарды. Мәдени саланың танымал қызметкері, суретші  Динара Байбек менің  Instagram сұрауыма жауап берді. Музыканттарды тарттық. Бәрі қолынан келген көмегінен аянған жоқ», дейді жоба авторы Анжела Гарипова.

Жаңа жоба қазақстандықтармен қатар, шетел тұрғындарының қызығушылығын тудырды. Бүгінде «Жақсылық пен жамандық», «Ақылды Айсұлу махаббат жайында», «40 өтірік», «Құстар неге сөйлемейді» мен «Етікші және хан» сынды тәрбиелік мәні зор 6 ертегінің дыбыстық нұсқасы жазылды. Олар тыңдарманға қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді.

 «Бұған дейін ертегілерді тек Ютуб арнасынан табуға болатын. Бұл ата-аналар үшін ыңғайсыз. Оларды қосқанда телефонмен басқа әрекеттер жасау мүмкін емес. Ал бұл жүйе арқылы ертегіні тыңдаумен қатар телефонмен өзге істерді жасай беруге болады», - дейді Анжела Гарипова

Жобаның сапасы да көптің көңілінен шықты. Кәсіби дикторлармен дыбысталған ертегілер домбырамен сүйемелденеді. Сондай-ақ сәйгүліктің шабысын, құстардың әнін, көшпенділер өркениеті жән Ұлы даланың көне сарындарын естуге болады. Бұл тыңдарманды ерекше әсерге бөлеп, оқиғаның желісіне баурап әкетеді дейді жоба авторы. Жақында өзге де тілдерді қосу көзделген. Яғни қазақ ертегілері әлем тілдерінде сайрайтын болады.