1 сыныпқа қабылдау үшін онлайн режимінде өтініш беруге болады

1 сыныпқа қабылдау үшін онлайн режимінде өтініш беруге болады

Енді ата-аналар бірінші сыныпқа қабылдау, сондай-ақ, мектептен мектепке және сыныптан сыныпқа ауыстыруға өтініштерін egov.kz порталы арқылы жасай алады. Құжаттарды қабылдау 1 маусымда басталады.  Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова мәлімдеді.

«Балаларды 1-сыныпқа қабылдау egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар порталда  мектептен мектепке, сыныптан сыныпқа ауыстыру қызметі де іске қосылған» ,- деп атап өтті Шолпан Қадырова.

Бұдан бөлек, баласы бірінші сыныпқа баратын ата-ана тағы төрт құжат ұсынуы қажет.  Олар:

  • Баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
  • Бала денсаулығының төлқұжаты;
  • 026/у-3 формасы;
  • 063/у нысан бойынша денсаулық жағдайы туралы құжаты;
  • 3x4 көлеміндегі фото (2 дана).

 «Мектептің қабылдау комиссиясы оқуға өтініш берген кезде басқа қосымша құжаттарды талап етпеуі тиіс екендігін тағы атап өткім келеді»,- деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар 17 тамыздан бастап мектептерде ақысыз негізде жазғы мектептің жұмысы ұйымдастырылады. Сол жерде балаларды мектепке даярлайды.

 

Фото: finance.kz