Болашақ мамандықтары: мектеп түлектеріне қандай салаларды таңдаған жөн?

Болашақ мамандықтары: мектеп түлектеріне қандай салаларды таңдаған жөн?

Мектепті бітіргелі жатқан жас қазақстандықтар үшін қазір – маңызды кезең. ҰБТ тапсыра отырып олар ересек өмірге жолдама алады. Осы жерде мамандық таңдауға жауапкершілікпен қараған дұрыс. Еліміздің жоғары оқу орындары көптеген кәсіптерді меңгеруді ұсынады. Талапкерлер алдағы өмірін қай саламен байланыстырғысы келетінін шешу қажет. Еңбек нарығындағы ахуал өзгерістерге толы. Бүгін жоғары сұраныста болатын мамандық ертең керек болмау қалуы әбден мүмкін.

Пәнаралық – білім беру жүйесінің жаңа тренді

ҚазМЗА провосты Сергей Пеннің айтуынша, болашақ мамандықтарына қатысты ахуал аяқ асты өзгеріп отырады. Бірақ бір жағдай анық: бірнеше сала тоғысатын бағдарламалар аса өзекті. Бүгінде әлемде кең тарап отырған үрдістердің бірі – пәнаралық білім беру. Яғни, бірнеше пәнді біріктіре алған және студенттерге жалпы біліктіліктер жинағын бере алатын университеттер көбейіп келеді.

«Біз бірнеше жыл бұрын  «бизнес және құқық» бағдарламаларын құруды қолға алған кезде бұл трендті бастаған едік. Түрлі салалардың білімі мен тәжірибесін ұштастырған кезде студенттер еңбек нарығына бейімдірек болады. Біз мамандықтар тізіміне психология, маркетинг, кәсіпкерлік, қолданбалы лингвистика, IT саласы бойынша кәсіпкерлік, қызметкерлерді басқару сынды түрлі бағыттағы оқыту бағдарламаларын еңгіздік», - дейді Сергей Пен.

Қазір әлем елдерінің мамандары болашақта сұранысқа ие болатын мамандықтар атласын құрып жатыр. Сондықтан алдағы уақытта заман талабына сай тапшы болуы ықтимал жаңа мамандықтарға машықтау ісі кең етек жайып келеді. 

Пандемия сұранысқа ие мамандықтардың тізімін өзгертті

Қазақстандық стратегиялық жобалар және тұрақты даму орталығының сарапшысы Баян Әбдірахманова әлемде орын алған төтенше жағдайдың салдарынан мамандарға қойылатын талаптар өзгергенін айтады. Жаппай оқшаулау шаралары ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласына деген сұранысты арттырған. Сондай-ақ, денсаулық сақтау жүйесінде дәрігерлер тапшылығы қатты сезілді. Сондықтан мамандық таңдауда жақсылап ойлану керек, дейді сарапшы.

«Түлектер өздері қалап жүрген мамандықтарды таңдағаны дұрыс. Математика сынды нақты ғылымдарға бейім оқушылар IT-технологиялар саласында өздерін жақсы сезінетін болады. Ал гуманитарлық ғылымдарға жақын шәкірттер әрине  менеджмент,  педагогиканы таңдаса болады. Химия, биология пәндерін жақсы білсе, онда медицинаға бару керек. Сондай-ақ, салалық агроном, мұнайшы, өрт сөндіруші, тәртіп сақшылары да әрқашан қажет болатын мамандықтар», дейді сарапшы.

Түлектердің таңдауы қай мамандықтарға түседі?

Жасаған таңдауын бірнеше мәрте өзгертетін мектеп түлектері бар. Мысалы, Дильназ Есентұр.

«Эпидемияға дейін мен Түркияға халықаралық қатынастар мамандығына оқуға түсуді жоспарлаған едім. Бұл сұранысқа ие сала, оны таңдайтын жастар Қазақстанда да, Түркияда да өте көп. Ал қазір шекара жабық болғандықтан, қосымша жоспар құруға тура келді. ҰБТ тапсыруға дайындалуды шештім. Болашақта сарапшы-дипломат болғым келеді», - дейді бойжеткен.

Қазақстандық мектеп бітірушілердің көбі IT- технологиялар, инженерия және медицина салаларын таңдайды. Жастар аталған кәсіп иелеріне әрқашан жұмыс табылады деген сенімде. Алайда қалай болғанда да, жаныңа жақын мамандықты таңдаған дұрыс. Барлық сарапшылардың пікірі осыған саяды.

Автор: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: vogazeta.ru