TWESCO Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған халықаралық онлайн-конференция өткізеді

TWESCO Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған халықаралық онлайн-конференция өткізеді

Бүгін Халықаралық Түркі академиясы ұлы ойшыл Абайдың 175 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде атап өту мақсатында онлайн конференция өткізеді. Шара, сондай-ақ, TWESCO құрылғанына 10 жыл толуына орай ұйымдастырылады.

«Абай және ХХІ ғасыр: дәуірлер сабақтастығы» тақырыбындағы видеоконференцияға Қазақстан, Әзербайжан, Башқұртстан, Қырғызстан, Мажарстан, Моңғолия, Өзбекстан және Түркия елдерінің танымал түрколог ғалымдары қатысады деп жоспарлануда. Шара барысында Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған хәкім Абайдың түрік, әзербайжан, қырғыз, өзбек тілдеріне тәржімаланған шығармаларының тұсауы кесіледі. Атап айтқанда, әзербайжан және өзбек тілдерінде Абайдың «Қара сөздері», қырғыз тілінде «Абай өлеңдерінің академиялық жинағы», түрік тілінде «Абай жолы» эпопеясы, Абай туралы мақалалар және Абай «Қара сөздері» мен өлеңдерінің таныстырылымы өтеді.

Айта кетейік, һәкім Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған онлайн жиынды zoom платформасынан кешкі сағат 17:00 көруге болады.

 

Фото: inform.kz