Қазақстандық оқушылардың ата-аналары мектеппен қоштасу кешінің өткізілмейтініне наразы

Қазақстандық оқушылардың ата-аналары мектеппен қоштасу кешінің өткізілмейтініне наразы

Карантин режиміндегі онлайн соңғы қоңырау және мектеппен қоштасу кеші. Білім министрлігі елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты соңғы қоңырауды өткізу туралы жаңа ережелерді мәлімдеді.  Бұл жаңашылдыққа ата-аналар қалай қарайды және түлектер не дейді?

Қазақстандық 11-сынып оқушыларының ата-аналары білім ордасымен қоштасу балын қалыптасқан жүйеде өткізуді сұрап отыр. Олар соңғы қоңырау уақытының қысқартылуымен қатар, мектеппен қоштасу вальсі мен «Алтын белгі» иегерлерін марапаттау рәсіміне де тыйым салынғандығына наразы. Айтуларынша, мектепті алтын медальмен бітіргендер марапатты салтанатты түрде алуға лайық.  

«Бұл, әрине, өкінішті. Балаларымыз да ренжулі. Бүгінгі таңда соңғы қоңырауда аттестат тапсыруға ғана рұқсат етілді. Оның өзінде уақыт шектеулі. Біз, ең болмағанда, қалалық әкімдіктен өз деңгейінде «Алтын белгі» иегерлерін марапттауды сұраймыз. Оқушыларда, тіпті, мектеппен қоштасу вальсі де болмайды. Біздің мектепте 140 түлек бар. Соңғы қоңырауға 40 минут ғана берілді. Осы уақытта барлық түлектерге қалайша куәліктері тапсырылып, оқушылар мектеп айналасына ағаш отырғызып үлгереді?»,-дейді  №48 орта мектеп оқушыларының ата-аналары.

Өз кезегінде Білім және ғылым министрлігі ешқандай ерекшелік қарастырылмайтынын жеткізді. Бүгін БҒМ вице-министрі Шолпан Каринова түлектерге сертификат жоспарланған түрде 3-4 маусымда салтанатты түрде тапсырылатынын айтты.

«Биыл санитарлық нормаларды сақтау үшін сертификаттарды тапсыру қонақтардың қатысуынсыз өтеді. Тек әр түлектен бір-екі ата-ананың қатысуына рұқсат етіледі», - деп түсіндірді Шолпан Каринова.

Ол барлық іс-шаралар мектеп алаңында ашық аспан астында өткізілуі керек екенін еске салып, мерекелік көйлектер кәдімгі мектеп формасымен ауыстырылатынын жеткізді. Ал түлектер бетперде тағуы және 2 метр арақашықты ұстанулары қажет.

«Сынып жетекшілері 20 минуттық сынып сағатын өткізулері керек.  Балалар 1,5-2 метр әлеуметтік арақашықтықты сақтауы тиіс. Мектеп әкімшілігі оқушылар жиналатын алаңдағы орындарды алдын-ала белгілеп қоюлары қажет.  Міндетті түрде медициналық маскалар мен респираторлардың болуы шарт», - деді Шолпан Қарынова.

Сондай-ақ мерекелік шараға жеке студиялар мен агенттіктердің аниматорларын шақыруға тыйым салынады. Мерекелік дастархан жаюға, көліктерді жалға алып қала көшелерінде серуен құруға рұқсат етілмейді. Түлектер әдеттегідей мейрамханалар мен кафелерде оқу аяқталғанын тойлай алмайтын болды. Сондықтан осыған арнайы сәнді көйлек  алып қойған қыздардың көбі  қайтып дүкендерге тапсыруға мәжбүр болды.

 «Мектеп бітіруге арналған кештің болмайтыны өкінішті-ақ. Соңғы қоңыраудың өзі мен армандағандай өтпейтін болды. Әкімнің қолынан алатын «Алтын белгі» салтанаты да биыл болмайды дейді. Қаншама жыл бойы білім нәрімен сусындап, үлкен өмірге жол ашқан алтын ұя  мектебіммен  лайықты түрде қоштасқым келген еді. Коронавирустың салдарынан мектептегі соңғы күндерімізді сыныптастарымызбен бірге өткізе алмадық. Тапсырыспен тігілген көйлектен де бас тартуға тура келді», дейді биылғы түлек Әсем Алпысбай.

«Оқу жылының басынан мектеппен қоштасу шарасы өтетін мейрамхананы таңдап, күнін белгілеп қойған едік. Фото және бейне түсірілім жасайтын мамандарды да жалдап қойдық. Кімнің не киетінін ойластырып, қандай мерекелік бағдарлама болатынын құрып қойдық. Коронавирус келіп бар ойымызды бұзып, дайындығымызды жоққа шығарды. Әрине біз үшін  өкінішті. Алайда, қазіргі жағдайға түсіністікпен қарап, ұлт саулығы үшін жасалып жатқан шараларды толықтай қолдаймыз», - дейді биылғы түлек Албина Советбекова.

Мектеппен қоштасу кешіне дейін әлі екі апта уақыт бар. Түлектер осы уақыт аралығында жағдай оңалып, сүцікті мектебі және ұстаздарымен лайықты қоштасатындарына сенімді.

 

Фото: uralskweek.kz