Қадір түнінде еліміздің мешіттеріндегі құлшылық пен насихат онлайн таратылады

Қадір түнінде еліміздің мешіттеріндегі құлшылық пен насихат онлайн таратылады

Айлардың сұлтаны – Рамазан айы, күндердің қадірлісі – жұма болса, түндердің қасиеттісі – Қадір түні болып есептеледі. Биыл қадір түні мамыр айының 19-ынан 20-сына қараған түнге сәйкес келіп отыр. Әлемдегі күллі мұсылман жамағаты сауабы мың айға тең бұл түнді құлшылықпен өткізеді.

«Қадір түнінің басты ерекшелігі – Құран Кәрімнің жерге түсуінде. Сол себепті бұл түннің сауабы мен берекесі мол. Бұл түні күнәлар кешіріледі. Қасиетті түннің тағы бір ерекшелегі – бұл берекелі түн. Алла тағала бұл түннің әрбір сәтіне береке берген. Біз ойламаған, кұтпеген берекені беріп қойған. Бұл түннің уақыты берекелі. Қадір түніндегі 1 секундта – 23 сағат бойы жасаған құлшылықтың сауабы бар. 1 минут құлшылық етсеңіз – 58 күн бойы құлшылық еткеннің сауабын аласыз. Ал 1 сағат құлшылық етсеңіз 9 жыл 8 ай ізгі амал жасағанның сауабын аласыз. Бір түн құлшылық етсеңіз – 83 жыл 4 ай мінәжаттың сауабына татиды. Яғни, бұл түннің мың айдан да қайырлы болуының себебі де осы»,- дейді «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов.

Дін ұстаушылардың сөзіне қарағанда, бұл түнді мешітте өткізген абзалырақ. Өйткені мешітте көпшілік құлшылық жасап, имамдар уағыз айтады. Дегенмен елімізде COVID-19 инфекциясының жайылуына байланысты Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы халыққа үндеу жасады. Онда діни басқарма барша мұсылман қауымын биылғы Қадір түнін үйде қарсы алуға шақырды. 

«Қазір індеттің қауіпі әлі сейілген жоқ. Сондықтан дерттің одан әрі өршіп кетпеуіна әрбір мұсылман атсалысуы керек. Сақтық шарасына жіті мән беру керек»,- дейді «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы.

Айта кетейік, Қадір түні кешінде ҚМДБ Құран хатым дұғасын, уағыз-насихат пен пайдалы дәрістерді онлайн режимде өткізеді. Үйде отырып, онлайн режимде дұғаға қатысып, насихат тыңдауға толық мүмкіндік бар.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: islamdag.ru