Көне түркі жазбалары – түркі мәдениетінің шоқтығы

Көне түркі жазбалары –  түркі мәдениетінің шоқтығы

18 – мамыр түркі жазуы күні. Халықаралық Түркі академиясының бастамасымен бекітілген атаулы күн түркі жазуын зерттеп,зерделеу ісіне назар аударуды көздейді. Осыған орай түрколог ғалым, Л.Гумилев атындағы  ЕҰУ қазақ тіл  білімі кафедрасының профессоры Гүлғайша Сағидолланы сөзге тартқан болатынбыз.

Тілші: Ең алдымен көне түркі жазуларының тарихи маңызын таныстырып өтсеңіз.

Гүлғайша Сағидолла: Бүгін түркі жазуы күні болғандықтан, ең алдымен  көне түркі жазба ескерткіштерінің  жалпы түркі мәдениеті, түркі халықтары үшін маңызына тоқталып өткім келеді. Адамзат өркениетінің рухани мәдени құндылықтарының бірі болып табылатын көне түркі руникалық ойма жазулары қазіргі түркі тілдерінің тарихының  алтын арқауы, жалпы 40 шақты түркі тілдерінің туыстық деңгейін белгілеуде негізгі критерий. Көне түркі жазба ескерткіштерін зерттеу түркологияға үлкен бір бетбұрыс әкеліп қана қойған жоқ көшпелі дала мәдениетін бүкіл әлемге танытты. Түркі руникалық ескерткіштерінің негізгі табылған аймақтары солтүстік Монголиядағы Орхон, Селенга, Толы өзендерінің аңғарлары, Орта Азия мен Қазақстанда, Талас пен Сырдарияның, Ертіс пен Іле өзендерінің бойы. Руна жазулары туралы көне деректер 16 ғасырдың соңына қарай белгілі бола бастады. Оны тұңғыш рет ХҮІІІ ғасырдың 20-жылдарында неміс ғалымы Д.Мессершмидт пен оған еріп жүрген шведтің тұтқын офицері И.Страленберг Енисей аңғарында ашты. Олар Скандинвияның руналық жазуымен ұқсастығына қарап, оны «руналық» жазу деп атады.  

Тілші: Ал қазақ ғылымында түркі ескерткіштерінің зерттелу барысы  қалай болды?

Гүлғайша Сағидолла: Көне түркі жазба ескерткіштерінің зерттелуінде Ресей түркология мектебінің орны ерекше болды. Ал қазақ ғалымдарын айтқанда Ғ. Айдаров, А.Аманжолов, С.Қаржаубаев, М.Жолдасбеков, Н.Келімбетов сияқты лингвистер мен әдебиеттанушылардың іргелі еңбектерін атап айту керек. Жазу мәдениетінің бастауына келгенде ғалымдар түркі жазуларына жүгінеді. Себебі ол жерде көне түркі тілдерінің оғыз тобы, қыпшақ тобы немесе қарлұқ тобы тілдерінің қай қайсына да ортақ  жалпытүркілік лексика орын алады. Кез келген түркі тілдерінің сөз қазынасының стратиграфиялық қабатын алып қарасақ 70 пайызы  тілдік туыстықтың негізгі дәлелі болып табылады.  Сондай-ақ көне түркі жазба ескерткіштері тілі қазақ әдеби жазба тілінің бастауы мен даму арналарының бірі. Ол 4-5 ғасырлардан бастап 9 -10 ғасырға дейін, яғни ислам дінінің түркілер арасында таралуына   байланысты  араб қарпінің жазу мәдениетінде орнығуына дейін қолданыста болған түркі мәдниетінің  шоқтығы деп білеміз. Бұл Ұлы Даланың адамзат өркениетіне қосқан баға жетпес байлықтарының бірі. Бүгінгі таңда  көне жазба ескерткіштерінің мұрагері ретінде 40 шақты түркітілдес ұлттар мен этносты айта аламыз.

Тілші: Көне руникалық жазбалардың тарихи мазмұны, мәнімен таныстырып өтсеңіз?

Гүлғайша Сағидолла: Көне түркі ескерткіштері мазмұны жағынан алғанда сол замандағы түркілердің саяси әлеуметтік өмірін бейнелеп қана қоймай сол заманның жаугершілік үнін жеткізеді. Ел бірлігінің бекем болуын үндейді. Яғни, ел мен жерді сүю, аянбай тер төгу басты мазмұны деуге болады. Бұл сөздер әлі күнге өзектілігін жойған жоқ.

Тілші: Биыл Тоныкөк  жылы жарияланып, ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтпек екен. Осыған орай қандай бастамалар бар?

Гүлғайша Сағидолла: Биыл 24 сәуірде  Түркі Академиясының бастамасымен ЮНЕСКО деңгейінде «Тоныкөк жылы» ресми  жарияланды. Осыған орай Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығы шеңберінде әлемнің 12 тіліндегі аудармалары енгізілген «Bilge Tonyquq» жинағы жарық көреді. Бұл Түркі Академиясы тарапынан атқарылып жатқан іргелі жұмыс. Ал Е. Гумилев атындағы ЕҰУ-да  көне түркі жазуларын түпнұсқадан оқытып, үйретуде шама шарқымша үлес қосудамын. Тоныкөк жылы шеңберінде көне ескерткіштердегі жазбаларды жаттап, үзінділер айтуды бір үрдіске айналдырсақ құба құп болар еді.

Тілші: Әңгімеңізге рақмет!

 

Фото: e-history.kz