Белгілі журналист Бейсен Құранбек өмірден озды

Белгілі журналист Бейсен Құранбек өмірден озды

Белгілі журналист Бейсен Құранбек 49 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қаралы қазаны Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел әріптестеріне жеткізді. Бейсен Құранбек 1971 жылдың 9 желтоқсанында Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінде тілші, жауапты хатшы қызметінен бастаған. Ал қалған ғұмырын қазақ телевидениесімен байланыстырып, «Рахат», «31 арна», «Хабар» арналарында, Президент телерадиокешенінде қызмет атқарған. Бірнеше жыл Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болып, жемісті қызмет атқарды. «Хабар» Агенттігінің қабырғасында Президенттік тілшілік қосынның журналисі ретінде талай мемлекеттік маңызды шешімдерді алғашқы болып қалың көрерменге жеткізгені жұртшылық жадында.

Бейсен Құранбектің жақсы адам, мықты маман ретіндегі орнын күллі қазақ қоғамы, әріптестері жоқтап жатыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, «Елдің мұңын өз мұңындай көріп, көпке қамқор болған жомарт жүректі азамат бақиға аттанды» деп жазды.

 

Фото: azattyq-ruhy.kz