Мамандар санитарлық талаптар сақталмаса, карантин талаптары қайта күшейтілетінін ескертті

Мамандар санитарлық талаптар сақталмаса, карантин талаптары қайта күшейтілетінін ескертті

Бүгін елімізде көптеген жұмыс орындары ашылып, мейрамханалар мен дәмханалар, қонақ үйлер, мешіт сынды қоғамдық орындар есігін қайта ашты. Тіршілік қайта жандануы тұрғындарға жаңа серпіліс бергенімен, коронавирустың елді жайлау көрсеткіші дес берер емес. Өткен демалыс күндері COVID-19 жұқтыру көрсеткішінің 5,2% дейін өсім көрсетуі тиісті мекемелердің халыққа қайта дабыл қағуына түрткі болды.

Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында карантин талаптары қайтадан күшейтілуі мүмкін. Бұл туралы тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі сапасын бақылау комитетінің елордалық департаментінің басшысы Зекен Исақов мәлімдеді. Маман өз сөзінде елорда тұрғындарының санитарлық нормаларды сақтауда салғырттық танытып жүргенін сынға алды.

«Көптеген тұрғындардың маска тағу тәртібін бұзып жатқанын көріп отырмыз. Коронавирус індеті басталған сәттен бері маска тағудың маңызды екенін айтып келеміз. Оның үстіне, соңғы кездері ауру жұқтыру жағдайы жиілеп кетті. Ресми таксопарк қызметкерлері де, қоғамдық орындағы тұрғындар да маска тағу режимін ұстанбайды. Маскалық режимді ұстанбаудың ақыры бұрынғы позицияға қайта оралуға әкеп соғады. Демек, Нұр-Сұлтанда қайтадан карантиндік режимді күшейтуге мәжбүр боламыз», - деді Зекен Исақов.

Елорда тұрғындарының санитарлық талаптарды сақтамауының соңы қоғамдық көліктердің қайтадан қаңтарылып қалуына ұласуы мүмкін. Бұл туралы City Transportation Sistems Оксана Лоскутова хабарлады. Ол коронавирус жұқтыру қаупі әлі де жоғары екенін айтып, тұрғындарды бетперде киіп жүруге шақырды.

Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері де жағымсыз болжамымен бөлісіп, дабыл қақты. «Қатаң карантиндік шаралар сақталмайтын болса, 31 мамырда коронавирус жұқтырғандардың саны 2000-нан асуы әбден мүмкін. Осы себепті шектеу шараларын біртіндеп алуға мәжбүрміз» дейді Темірбек Мұсағалиев.

Өзін-өзі оқшаулау режимін және санитарлық ережелерді сақтау ғана  оптимистік болжам жасауға негіз бола алады дейді мамандар. Яғни аймақта санитарлық талаптар өз деңгейінде сақталып, тұрғындар жауапты қараса  індетке шалдыққандардың саны 800-ден аспауы да мүмкін.

 

Фото: foodrussia.net