Оңтүстік Қазақстанда су басқан ауылдарды залалсыздандыру жұмыстары басталды

Оңтүстік Қазақстанда су басқан ауылдарды залалсыздандыру жұмыстары басталды

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында топан су басқан ауылдарды дезинфекциялау жұмыстары басталды. Кешенді залалсыздандыру жұмыстары тасқын су шайып кеткен елдімекендерде түрлі жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау және инфекциялық індеттердің алдын алу мақсатында қолға алынды.

«Әзірге Фердауси және Өргебас елдімекендерінде профилактикалық шараларды қолға алдық. Алдағы уақытта су деңгейі түскен басқа да ауылдарда дезинфекциялау жұмыстары жалғасатын болады. Дезинфекциялау жұмыстары мұнымен шектелмейді. Сондай-ақ елдімекендердгеі су ұңғымалары мен ауыз су құбырлары да тиісті әдістермен тазартылады. Соңында ауыз суға сараптамалық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, тексерілетін болады», – дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдан Ахметов.

Мақтаарал ауданының тұрғындарына өтемақы беріле бастады

Тілсіз жаудан жапа шеккен Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тұрғындарына өтемақы үлестіріле бастады. Әлішер Усмановтың қорынан 5 202 баспана иесіне 1000 АҚШ долларлық өтемақы жеке есеп шоттарына аударылатын болады дейді, облыстық әкімдіктің баспасөз хатшылығы.

Сондай-ақ үкімет резервінен  100 мың теңге өтемақы су тасқынынан зардап шеккен  Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фердауси, Достық, және эвакуацияланған Мырзакент, Ақжол, Т.Жайлыбаев, Жантақсай, Арайлы, Нұрлытаң, Нұрлыжол, Шұғыла елді мекендерінің 6128 отбасына берілетін болады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: solainews.kz