Мейрамханалар мен дәмханалар 18 мамырдан жұмысқа кірісуге қамданып жатыр

Мейрамханалар мен дәмханалар 18 мамырдан жұмысқа кірісуге қамданып жатыр

Аллағы дүйсенбі, яғни 18 мамырдан бастап еліміздегі қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы жанданады. Төтенше жағдайға байланысты жабылған кафе мен мейрамханалардың есігі қайта ашылады. Карантин кезіндегі шектеу шараларына икемделе білген бизнес иелерінің қызметі онлайн тапсырыс беру арқылы жүзеге асты. 

Енді олар үйреншікті кәсібіне қайта кірісуге қамданып жатыр. Ресми түрде рұқсат берілгенімен, қоғамдық тамақтану орындарына қойылатын талап бір. Ол – санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді қатаң сақтау. Бұл мекеменің қызметкерлері мен келген қонақтарға бірдей қатысты.

«Мейрамханалар мен кафе басшылары барлық қызметкерлерін жеке қауіпсіздік құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз ету керек. Бұл медициналық маскалар, перчаткалар, бас киім мен халаттар. 2 метрлік әлеуметтік арақашықты сақтау талабы қойылады. Сондай-ақ, келгенде және шыққан кезде қолды залалсыздандыратын антисептиктер болуы шарт», - делінген елордалық әкімдіктің хабарламасыда.

Рестораторлардың өздері де қызметкерлері мен қонақтарының саулығы үшін қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңызын жақсы түсінеді. Олар ерте бастан қорғаныс жабдықтарын алып қойғандарын айтады.   

 «Біз ашылу шарасына барынша дайындалдық. Ол үшін уақыт болды. Біз үшін бұл жеке жеңісіміз. Төтенше жағдайға кезінде онлайн қызмет көрсетіп, тамақты үйге дейін жеткізіп тұрдық. Осылайша, жеке кәсіпті тақырға отырғызбай жабылудан сақтап қалдық. Қорғаныш заттарын сатып алдық. Қонақтардың қауіпсіздігі үшін келген адамдарда бұндай жабдықтармен жеткілікті түрде қамтылады. Жазғы орындар ашылды. Жаңа мәзірлер әзірлеп қойдық. Тұрақты қонақтарға жеңілдіктер қарастырылады», - дейді елордалық мейрамхананың маркетологы Анна Досанова.

Жалпы пандемия кезіндегі мәжбүрлі демалыс уақытында әлем елдерінде клиенттердің қауіпсіздігі үшін бірқатар креативті шешімдер қабылданған.

Мәселен, Вьетнамда меймандар отыратын орындар бір-бірінен пластикалық жабындылармен оқшауланған.

Ал Амстердамдағы мейрамханалардың бірінде келген қонақтар екі орындық жылыжайларда жайғастырылады.

Гонконтағы көпке танымал кофеханалардың бірінде де орындықтар мен үстелдер оқшаулағыш таспамен оралған. Бұл адамдардың әлеуметтік қашықтықты бұзбауы қамында жасалған қорғаныш шараларының бірі.

Қазақстандық қоғамдық тамақтану орындарында қандай ерекше қауіпсіздік шаралары қолданылады? Бұны біз алдағы дүйсенбіден бастап іс-жүзінде көретін боламыз.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: taldyk.info​