Пойыз жолаушыларының қалай отырғызылатыны белгілі болды

Пойыз жолаушыларының қалай отырғызылатыны белгілі болды

Бүгіннен бастап елімізде теміржол билеттері сатыла бастады. Еске салсақ, 1 маусымнан бастап Мемлекеттік бас санитар дәрігердің талаптарын сақтауды ескере отырып, кезең-кезеңмен ішкі теміржол қатынасын жандандыру жоспарланып отыр. Осы мақсатта бірнеше карантиндік-санитарлық талаптар қойылды.

Осыған сәйкес, енді теміржол вокзалына кіру үшін жолаушыларда медициналық бетпердеде болуы тиіс және қолында жол жүру билеті болуы қажет. Сондай-ақ, жолаушыларды шығарып салушылар да болмайды. Бұл туралы көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов мәлімдеді.

Сондай-ақ, оның айтуынша, пойыздар шағын станцияларда әзірге тоқтамайды, сәйкесінше жолаушылар тек ірі станцияларда ғана отырғызылып, түсіріледі. Сапар алдында барлығының дене температурасы өлшеніп, жолда сауалнаманы толтырулары қажет. Жолаушыларға пойыз құрамы вагондарының арасында жүруіне және объективті себепсіз купеден далаға шығуға тыйым салынды. Әр құрамда желдеткіштің де болуы қатаң қадағаланатын болады.

Егер көліктер санитарлық нормаларға сәйкес келмесе, олар деподан шығарылмайды. Сонымен қатар вокзал және жолсеріктердің барлығы міндетті түрде қолғап пен бетперде киюлері керек. Сондай-ақ, санитарлық талапқа сай, пойыздарда антисептик, дәрі-дәрмек және басқа да залалсыздандырғыш заттар болуы шарт.

 «Ауысым алдында, сапар алдында вокзал мен пойыз жұмысшыларының медициналық тексеруден, дене температурасын өлшеу жоспарланып отыр. Болашақта, егер өңірлерде коронавирустық инфекцияның жағдайы тұрақтанса, жеңілдету талаптары кезең-кезеңмен қайта қаралады», - деді көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.

 

Фото: kt.kz