Қазақстанда спорттық цифрлық платформа пайда болады

Қазақстанда спорттық цифрлық платформа пайда болады

Қазақстанда e-sport цифрлық тұғырнамасы енгізіледі. Жобаны  үш кезеңмен жүзеге асыру көзделген.  Оның алғашқысы 2020 жылдың соңында аяқталмақ.  Бұл жөнінде мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова онлайн брифинг барысында мәлім етті. 

«Бұл кезек күттірмейтін мәселе  және қазір біздің саланы цифрландыру үшін бірегей мүмкіндік бар. e-sport тұғырнамасы арқылы жалпыға спорт күнтізбелері, бірыңғай спорттық жіктеме, құрама командалардың құрамдары, спортшылар мен жаттықтырушылардың, төрешілердің  және т.б. негізгі құжаттары қолжетімді болады», - дейді министр.

Сондай-ақ министр 2020-2025 жылдарға арналған дене шынықтыру және бұқаралық спортты дамыту жөніндегі кешенді жоспарды таныстырды.  34 тармақ пен 5 негізгі бағыттан тұратын құжатта спорт саласындағы  мамандарды қолдау тетіктері белгіленді. Мәселен, дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан тыс спорт сабақтарын жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақының  100% мөлшерінде қосымша ақы енгізілді.Мектеп жанындағы спорттық  секциялар жұмысына да жан бітеді.  Қазіргі таңда 101 спорт федерациясы аккредиттелген болса  олар қосымша 10 мыңнан астам спорт түрлері бойынша секциялар ашуға мүмкіндік алады деді министр. Бұл өз кезегінде  300 мыңға жуық баланы спортқа тартуға сеп болмақ.

«Бұқаралық спортты дамытуда спорттық инфрақұрылымның болуы үлкен рөл атқарады. Бүгінгі күні елімізде 23 мың қарапайым спорт ғимараты жұмыс істейді. Жергілікті атқарушы органдардың есептеулеріне сәйкес қарапайым спорт ғимараттарын салу қажеттілігі жылына орта есеппен 1 мың 100 құрылысты құрайды және 2025 жылға қарай құрылыстардың жалпы санын 30 мыңға жеткізеді», - деді министр.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 2025 жылға қарай елімізде жүйелі спортпен айналысатындар  40% құрайды деп болжап отыр.  Бұл  7,5 млн адам спортты тұрақты серігіне айналдырады деген сөз.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: sportssmi.ru