Түркістан облысында табиғи апат салдарынан өзендер арнасынан асты

Түркістан облысында табиғи апат салдарынан өзендер арнасынан асты

Түркістан облысы Төлеби ауданында Қасқасу өзені арнасынан асып, ауыл арасындағы көпірлерді су шайып кетті.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, табиғи апат кеше сағат 16:30 шамасында болды.

«Қасқасу өзені тасу салдарынан Екпінді ауылындағы 376 үйдің ауласына су кірді. Өзеннің төменгі ағысында Тасарық, Қазақстан, Көксәйек, Зертас елдімекендері орналасқан. Қазіргі таңда бұл ауылдарда су тасу қауіпі және нөсер жауын жоқ» делінген хабарламада.

Ал аудан әкімдігі тарапынан құрылған жедел жұмыс тобы судан келген қауіптің алдын-алу жұмыстарын ұйымдастыруда.

Тасқын су Шымкент қаласы Еңбекші ауданының, Елтай елді мекеніне де жетіп,  арықтың суы тасыды. Салдарынан 60 тұрғын үйдің ауласын су басып, 3 шаруашылық нысан қирады. Бұл туралы ТЖК хабарлайды.

«Бүгінгі таңда оқиға орынында ТЖД күштерімен су сору жұмыстары жүргізілуде, жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің күштерімен арықтардың механикалық тазарту жұмыстарын жүргізілуде және 60 тұрғын үйдің тұрғындары эвакуациялық жиналу пунктеріне эвакуациялануда.  Әзірге табиғат апаттан қаза тапқандар жоқ. Тұрғын үй аулаларындағы судың деңгейі 20-50 см-ді құрайды. Қазіргі уақытта, судың келу деңгейі 3-5 м.куб»,-делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Түркістан облысының тағы үш ауданында жауын-шашын салдарынан аулаларды су басты.

Қазығұрт ауданы әкімдігінің мәліметінше, кеше кешке сағат 19:30 шамасында өрт сөндіру бөлімінің байланыс торабына Алтынтөбе, Жігерген, С.Рақымов ауыл округтері тұрғындарынан үйдің ауласына жаңбыр суы жиналғаны туралы хабар келіп түскен.

«Оқиға орнына Қазығұрт ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы мен аудан әкімдігі қызметкерлері дер кезінде шығып, аулаларға су кіргенін анықтаған. Қазір тұрғында ЭЖП-ге эвакуацияланып, азық-түлікпен, медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Апаттан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта жағдай толық бақылауға алынып, келтірілген залал шығындары есептелуде»,- делінген хабарламада.

Ал, Сайрам ауданында нɵсерлi жауын-шашынның салдарынан Ақсукент, Қарасу, Қарабұлақ, Манкент ауылдарындағы 7 үйдің ауласына су жиналғаны хабарланды. Аудан әкімдігі, ТЖБ басшылығы мен ауыл əкiмдерi тарапынан дер кезінде тиісті алдын алу шаралары қабылданып, су сорғыш мотопомпаларымен үй ауласындағы суды сорып тасталды.

Cонымен қатар, Бәйдібек ауданында да жауын шашын салдарынан су тасқыны болды. Ақбастау ауылдық округіне қарасты Тұрақты елді мекенінде жауын-шашын салдарынан Тұтарық каналы 4 жерінен бұзылып, ауылды су басқан. Аудан әкімдігінің мәліметінше, су тасқыны кеше кешке сағат 20:00 шамасында орын алған.

Бүгінгі таңда ТЖ салдарын жою бойынша ТЖД жедел штабы құрылды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов айтты.

«Табиғи апат салдарынан орын алған жағдайға байланысты Төтенше жағдайлар департаментінде сағат 19:20-да штаб құрылды. Қазіргі таңда бұл ауылдарда су тасу қауіпі жоқ», - деді Сәкен Қалқаманов желідегі парақшасында.

 

Фото: tengrinews.kz