Қазақстан ТМД-да MICE туризмді дамыту бойынша екінші орынға ие болды

Қазақстан ТМД-да MICE туризмді дамыту бойынша екінші орынға ие болды

Қазақстан ТМД-да MICE туризмді дамыту бойынша екінші орынға ие болды. Конгрестер мен конференциялардың халықаралық қауымдастығы жыл сайынғы статистиканы және MICE туризм бойынша әлем елдері мен қалаларының рейтингін жариялады. Достастық мемлекеттері арасында бұл тізімде бірінші орынға Ресей Федерациясы жайғасты.

Аталған рейтингке сәйкес, Қазақстан алдыңғы жылмен салыстырғанда өз көрсеткішін жиырма позицияға жақсарта отырып, әлем елдері қатысқан рейтингте 79-шы орынға жайғасты. Рейтинг көшбасшыларының бестігін әдеттегідей АҚШ бастап тұр. Олар 934 іс-шара ұйымдастырған. Екінші орында 714 іс-шарамен Германия орналасты. Одан кейін Франция, Испания және Ұлыбритания елдері кірді.

Осы ретте, бұл рейтинг кемінде 50 делегатпен тұрақты өткізілетін және кемінде үш елдің арасында ауысатын халықаралық қауымдастықтардың іс-шараларын ғана есепке алатындығын ескерген жөн. 2019 жылдың нәтижесі бойынша еліміз халықаралық қауымдастықтардың 18 іс-шарасын ұйымдастырды. Бұл іс шаралардан түскен кіріс 6 млн долларды құрады. Көрсетілген мәліметтерге сәйкес әр іс-шараға орта есеппен төрт мыңнан аса делегат қатысып, әрқайсысы 1438 доллар жұмсаған.

«MICE туризм соңғы жылдары Қазақстандағы туризмнің басым түрі болып табылады. Бұл саланы одан әрі дамыту мақсатында және Covid-19 туғызған дағдарыстан кейінгі кезеңде Kazakh Tourism бұл бағытты даму стратегиясының бірі ретінде белгілеп, халықаралық қауымдастықтардың іс-шараларын өткізу үшін еліміздің тартымдылығын жақсарту бойынша бірқатар жүйелі шаралар жоспарлап отыр. Атап айтқанда, MICE елшілерін қолдау және әріптестік орнатуға бағытталған «Meet Іn Kazakhstan» жобасын іске қосуды жоспарлауда. Бұл өз кезегінде Қазақстанда MICE іс-шараларын өткізуге ынталандырады деп күтілуде»,- деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ баспасөз хатшысы Ернұр Кенжебеков.