Құмар ойынға бәс тігетіндер туралы мәлімет жинау орталығы құрылады

Құмар ойынға бәс тігетіндер туралы мәлімет жинау орталығы құрылады

Букмекерлік кеңселерде бәс тігуге қатысудан шектеу тетігін іске асыру үшін ставкаларды есепке алу орталығын құру жоспарланып отыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлім етті. Депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда  талқылады.  

«Заң жобасы бумекерлік кеңселер мен тотализаторлардың қызметін реттеу әрі бақылауды жетілдіруге, құмар ойындар мен бәс тігуге тартылатын және тәуелді азаматтардың санын қысқартуға бағытталған. Заң жобасының жұмысына мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері және министрлікте құрылған жұмыс тобы аясындағы қоғамдық ұйымдардан сарапшылар қатысты», - деді министр.

Ақтоты Райымқұлованың сөзіне қарағанда, ойын бизнесі туралы құжатта құмар ойындар мен бәс тігуге қатысудан өзін-өзі шектеу тетігі енгізіледі.

«Уәкілетті мемлекеттік органдарда букмекерлік кеңселер мен ойыншылардың арасындағы ақша операциялары туралы толық және дұрыс ақпаратпен қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ бәс тігуге қатысудан шектеу тетігін іске асыру үшін ставкаларды есепке алу орталығын құру көзделеді. Қазіргі уақытта саланы мемлекеттік реттеудің маңызы букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың айналымы туралы нақты мәліметтердің болмауына байланысты. Осы себепті ставкаларды есепке алу орталығын құру ұсынылады, бұл ретте онда букмекерлік кеңсеге қолма-қол немесе электрондық төлем жүйелері арқылы түсетін барлық төлемдер ескерілуі тиіс», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Министр өз сөзінде букмекерлік кеңселер мен тотализаторларға түсетін төлемдердің бірыңғай есебі көлеңкелі айналымды болдырмауға, салықтардың жиналуын арттыруға, бақылауды жеңілдетуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Ал мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин аталмыш тақырыптың қоғамдағы өзектілігіне назар аударды. «Шын мәнінде, игромания ауруға жататын нәрсе. Оған үйренген адам оны өз күшімен жеңе алмайды. Сондықтан, депутаттар жаңа норма енгізіп отыр. Ол бойынша игроманияға берілген азаматты одан шығару үшін туысқандары сотқа бере алады. Бұл қажетті және тиімді норма деп есептеймін», - деді Н. Нығматулин.

Қызу талқыланған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: tengrinews.kz