ҚарЛаг – қабырғаны қайыстырған қанды қасірет

ҚарЛаг – қабырғаны қайыстырған қанды қасірет

Осыдан тура 90 жыл бұрын, 1930 жылдың 13 мамырында ССРО ХКК қаулысымен ҚарЛаг:  Қарағанды еңбекпен түзеу лагері құрылды. Бұл - ГУЛАГ архипелагы құрамындағы ең ірі азап аралы. Орталығы Қарағанды қаласынан 45 шақырым жердегі Долинка ауылында орналасты. Оған қоса  лагерьден 350 шақырым жерде Ақмола және 650 шақырым жерде Балқаш бөлімшелері құрылды.  Жазалау лагерін құру үшін 1930-1931 жылдары халықты ғасырлар бойы мекендеген жерінен зорлап көшіру басталды. Бұл туралы жергілікті көзі ашық қауым арнаулы хат жолдады. Хатта былай делінген:

«Аудан аумағында ҚарЛаг бөлімшелерін салу кезінде Ортау, Алабас, Жайдақсу шатқалдарында ҚарЛаг қызметкерлері қазақтың атақты адамдарының бейітін бұзды. Атақты Жидебай Сыздықтың және басқа да кісілердің бейіттері бұзылды, мал қораға айналдырылды», - делінген аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ж. Сүлейменовтің Қарағанды обкомының бірінші хатшысы Галайдинге арнайы жолдаған хатында.

ҚарЛаг басқармасы тек қана Мәскеуге бағынғанын тарихи деректер айғақтайды. Республикалық және облыстық партия, кеңес органдары лагерь қызметіне ешқандай ықпал ете алмады. Оның өзіндік шынайы өкіметі, қару-жарағы, көлік-құралдары, поштасы мен телеграфы болды. Лагердің негізгі мақсаты – социализм құрудың сталиндік бағдарламасын жүзеге асыру үшін тұтқындардың тегін еңбегін жаппай пайдалану еді.  Сондықтан түрлі шаруашылық нысандары мен фермалар жұмыс істеп тұрды. Ашылған сәтте оған 47 ұлт өкілінен 2 567 жазасын өтеуші қамалды. 1937-1938 жылдары мұнда 43 мың жазасын өтеуші болды. 1931-1960 жылдары ҚарЛАГ-та 1 млн-ға жуық адам болды. Лагерьдің тұтқындары – бүкіл әлемге танымал ғалымдар, әскери қолбасшылар, мәдениет және саясат қайраткерлері, басқа белгілі тұлғалар. Басқаша айтқанда, Қарлаг жоғары биліктен бастап, саясаттан мақұрым жұмысшылар мен шаруаларға дейінгі қоғамның бар саласын қамтыған аумағы ғаламат зор қуғын-сүргін орталығына айналды, дейді тарих ғылымының докторы Дүйсетай Шаймұханов.  «1931-1956 жылдар арасында ҚарЛагта 1,5 миллион адам болған. Мен өзім көп жерді аралаған адаммын. Бухенвальдті көрдім, Освенцимді көрдім. Бұлардың тәртібі осы ҚарЛагтың тәртібімен бірдей болды. Мысалы, қой бағып жүрген әйелдерге қасқыр шапқандағы, бір екі-үш қойды жарып кеткен. Сол үшін лагердегі бүкіл әйелдерді жинап әкеп, жаңағы әйелдерді солардың көзінше атып тастаған. Освенцимдегі, Бухенвальдтағы озбырлықтардың бір түрі деген сөз бұл» дейді ол.

Азаптау құралының күштілігі жағынан лагердің «Даладағы тамұқ» деген атқа ие болуы да талай жайтты аңғартады. Қарағандыдан 40 шақырым Спасск деген жерде бауырластар қорымы бар. Онда негізінен соғыс тұтқындары жерленген. 1941 жылы ҚарЛагта соғыс тұтқындарының арнаулы лагері ашылып, көптеген ұлттардың 40 мыңға жуық өкілдері әкелінген. Толық емес деректерге қарағанда, олардың 7 мыңы лагерде көз жұмған.

«Біздер фашистік концлагерьдегідей тұрдық. Мұнда әрбір тұтқынға арнаулы шифр-номер берілетін. Бізді ешқашан аты-жөнімізбен атамайтын, шифр-номерімізбен шақыратын. Әр бригадада 15-20 адамнан болды. Тұтқындар мыс кенін шығаруда жұмыс жасады. Бұрғылау құрғақ күйде жүргізілгендіктен, бос қазбаның шаңы туберкулез және силикоз ауруларына алып келетін. Тұтқындардың жағдайы өте ауыр болды. Дұрыс тамақтанбады, дұрыс ем қабылдаған жоқ, үнемі қорлады», - деп Лагерьдің бұрынғы тұтқыны Р. Ахметов еске алады.

Бұның барлығы наразылыққа алып келді. 1954 жылы 16 мамырда лагерде атақты ереуіл бұрқ ете түсті. Ол бүкіл ГУЛАГ жүйесін дүр сілкіндірді. Көтеріліс 40 күнге созылды. Олар үкіметке ұйымдасқан түрде қарсылық көрсетті. Куәгерлердің айтуынша 600 адам өліп, жарақаттанған. Кеңгір көтерілісінен кейін бүкіл ГУЛАГ жүйесіндегі каторгалық ерекше лагерьлер жойылды. Қарлаг 1959 жылдың 27 шілдесінде таратылды.

Қазіргі таңда Долинкадағы саяси қуғын-сүргін құрбандары жазасын өтеген жер музейге айналған. Ал кезінде ҚарЛаг офицерлері тұрған үйлерде ауыл тұрғындары өмір сүруде.

Тарихи материалдар мен  мақалалар негізінде әзірлеген: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: drevo-info.ru