Қоғамдық көліктердің қатынауы жандана бастады

Қоғамдық көліктердің қатынауы жандана бастады

Бүгіннен бастап елордада қоғамдық көліктің жұмысы жанданды. Автобустар сағат 07:00-ден 21:00-ге дейін жүреді. Бірінші кезеңде қаланың ішіндегі бағдарлар, ал екініші кезеңде шаһар маңына қатынайтын жолаушылар тасымалы қызметінің көліктері шығатын болады. Дезинфекциялық жұмыстар бұрынғыдай жүргізіледі. Жүргізушілер барлық қауіпсіздік шараларын сақтайды: бетперде, қолғап киіп, антисептиктерді қолданады. Сол шараларды жолаушылар да сақтау қажет. Елордада жолаушыларды және жүкті автомобиль көлігімен тасымалдау ережесіне сәйкес, автобустарда жолаушыларды отырғызу алдыңғы есік арқылы, ал түсіру қалған екі есік арқылы жүргізіледі. Жолаушылардың саны да отыруға арнайы  бекітілген орындардан аспауы тиіс.

«Азаматтардың көбі әлі де қашықтан жұмыс жасап жатыр. Біршамасы өзін-өзі оқшаулауда. Сондықтан әдеттегідей автобустар лық толы жүрмейді деп ойлаймыз. Бұл бағыттар шын мәнінде жұмысқа шыққан азаматтар үшін ашылды», - дейді қалалық iKomek орталығының басшысы Жаннат Дүбірова.

Енді бір айта кетерлік жайт, жүргізушілер билет сатуды уақытша тоқтатады. Жол жүру үшін көлік карталарын және жолақысын төлеудің балама тәсілдерін қолдануға болады. Карантин кезінде сатып алынған айлық жол жүру тарифтері пайдаланушылардың көлік карталарына қайта жүктеледі.

«Осылайша, сәуір айындағы жол жүру мамыр айына ауыстырылады. Айлық жол жүру 12 мамырдан 11 маусымға дейін жарамды болады. Еске сала кетейік, 28 наурыздан бастап қосымша тарифтер іске қосылды. Елорда қоғамдық көлігінде 18 жасқа дейінгі балалар көлік картасы бар болған жағдайда тегін жүре алады», - делінген Нұр-Сұлтан қалалық баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сондай-ақ ертең елордада жетінші веломаусым басталады. 13 мамырдан велосипедтерді жалға беру қызметі қайта іске қосылады. Бірінші кезеңде пайдаланушылар үшін 50-ге тарта тұрақта 200 велосипед қойылады. Жалпы, велосипедті жалға беру жобасы биыл үш кезеңде жүзеге асырылады. Маусым айында велосипед саны үш есе көбейтіледі. Елорда тұрғындары мен қала қонақтарына 155 стансада 700 велосипед қолжетімді болады. Жаңа жүйеде 16 жастан асқан адамдар тіркеле алады. Ол үшін www.velobike.kz сайтына кіріп, жеке басты куәландыратын деректерді көрсетіп, келісімшартпен танысып, растау қажет.

Ал теміржол көліктері жолаушыларды қашаннан тасымалдай бастайтыны әзірге белгісіз. Арнайы құрылған штаб бұл қызметті жандандыруға қатысты мәселелерді әліде талқылау үстінде.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

​Фото: vk.com