Алматы облысының туристік жерлері Google және Yandex карталарына енді

Алматы облысының туристік жерлері Google және Yandex карталарына енді

Алматы облысының ең тартымды және ең танымал туристік орындары әлемдік іздеу жүйелерінің карталарында пайда болды. Бұл туралы өңір әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Бұған қоса, олар «TripAdison» жергілікті микросайтына да жүктелді. Бұл жұмысқа үш жыл уақыт кетіпті. Ендігі міндет – Wikipedia энциклопедиясында ақпарат орналастыру.

Сондай-ақ облыс әкімдігінің хабарлауынша, қазір өңірде Мемлекеттік туризмді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру бойынша топ ондықтың екі бағыты бойынша шаралар атқарылуда. Оған Алматы облысының тау кластері және Алакөлдің жағалауы жатады.

Былтырғы жазғы маусымның қорытындысы бойынша Алакөл, Балқаш, Қапшағай көлдерінің жағалауында демалғандардың саны 1 млн 725 мың адамды құраған.

Облыстық туризм басқармасының болжамына сәйкес, 2025 жылға қарай Алматы өңіріне 4 млн адам келеді. Оның 3,5 млн облыстың туристік жерлерін аралайды. Өңір басшылығы тау кластеріне 600 млрд теңге көлемінде инвестиция тартуды көздеп отыр. Оның 498,7 млрд теңгесі жеке инвесторлар есебінен тартылмақ.

 

Фото: ainews.kz