Су басқан Мақтаарал ауданындағы ахуал қандай?

Су басқан Мақтаарал ауданындағы ахуал қандай?

Мақтаарал ауданының су басқан аумақтарынан 6,1 млн текше метр су сорғызылды. Бұл туралы ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі хабарлады.

Нұрлыжол, Өргебас, Ырысты және Жантақсай ауылдарының аумағында 22 шақырымға уақытша бөгеттер салынды, Мырзакент ауылына қарай үш коллектор орнатылған, құм салынған 86 мың қап қойылды. Нұрлыжол, Жаңатұрмыс, Фирдоуси, Өргебас, Достық және Жеңіс ауылдарында су сору жұмыстары жалғасуда.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін Жаңатұрмыс, Фирдоуси, Өргебас және Жантақсай ауылдарында 4 блок бекет қойылған.

Еске салсақ, Мақтаарал ауданындағы Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдарында 1030 тұрғын үйді су басқан. Тұрғындардың бір бөлігі туыстарының үйіне, тағы 3252 адам Мақтаарал ауданында құрылған 10 эвакуациялық пункте орналастырылды.

Сондай-ақ Түркістан облысында судан зардап шеккен азаматтарға баспана тұрғызу жұмыстары басталып кетті. Жексебі күні Мақтаарал ауданының әкімшілік орталығы Мырзакент ауылында Қазақстан мен Өзбекстан Премьер-Министрлері жаңа шағын ауданның құрылыс жоспарымен танысып, алғашқы тұрғын үйлердің іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, жаңа шағын ауданның құрылысын 15 тамызға дейін аяқтау жоспарланған.

Мырзакент кентінде су тасқынының салдарынан зардап шеккен Жеңіс, Жаңа тұрмыс, Достық елді мекендерінен 500 отбасы үшін жеке тұрғын үйлер, мектептер, балабақша мен фельдшерлік пункттер салу жоспарланған.

Сонымен қатар, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов су басудан келген шығын көлемін жариялаған болатын. Ол 4,1 млрд теңгеге бағаланып отыр. Мақтаарал ауданында 7639 гектар егіс алқабы бүлініп, 297 бас мал қырылған.

«7639 гектар егістіктің шығынын 4 млрд 1 млн теңге көлемінде есептеп, үкіметке ұсындық. Комиссия шешімі бойынша әр дақыл түріне қарай өтемақы жасалады», - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

 

​Фото: tengrinews.kz​