Абайдың Қара сөздері алғаш рет португал тіліне аударылды

Абайдың Қара сөздері алғаш рет португал тіліне аударылды

Абайдың португал тіліне аударылған «Қара сөздері» кітабының тұсаукесері бразилиялық «TV-Supren» телеарнасында өткізілді. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлайды. Іс-шара барысында Қазақстанның елшісі Қайрат Саржанов адамдарды еңбек, ағартушылық және ғылымда жоғары жетістіктерге жетуге, заңдарды сақтауға шақыратын, халық бірлігінің маңыздылығын қозғайтын еңбектің маңызына тоқталды.

Ал Бразилия Ұлттық конгресінің экс-сенаторы, бұрынғы білім министрі, профессор Кристовам Буарке Абай шығармасына жасаған шолуы барысында «сансыз афоризмдерге толы, адам баласының ерте жастан қалыптасуы тиіс патриотизм мен ерлік секілді қасиеттерін, махаббат пен отан алдындағы парызын, үлкендерге құрметті мадақтайтын» ақын еңбегіне жоғары баға берді.

«Кітап басынан аяғына дейін оқырманды өмірдің мәні туралы дана сөздерді жіберіп алмайтындай етіп, кернеп отырады»,- деп сөзін қорытындылады ол.

Абайдың «Қара сөздерін» португал тіліне 2019 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының аудармасымен жұмыс жасаған, филология ғылымдарының докторы, Сан-Паулу университетінің профессоры Эдельсио Америко аударған. Енді Абайдың туындысы бразилиялық оқу орындары мен кітапханаларына таратылады. Аударманың электрондық нұсқасымен Қазақстан Республикасының Бразилиядағы Елшілігінің сайтында танысуға болады.