7 мамыр – Отан қорғаушылар күні

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні

Бүгін барша қазақстандықтар отанқорғаушылар күнін атап өтуде. Осымен елімізде 8 жыл қатарынан 7 мамыр мемлекеттік мейрам ретінде бекітілді. Бұл датаға таңдау бекер түскен жоқ.  28 жыл бұрын  дәл осы күні Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ұлттық қарулы күштерін құру туралы жарлыққа қол қойған болатын.

Бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның берік қалқанына айналған айбынды әскері бар. Дер кезінде қабылданып жатқан заманауи реформалар әскери қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттырып, шекараның тұтастығын, ел халқының тыныштығы мен қауіпсіздігін  қамтамасыз етуге бағытталған. Ел жастары осындай әскер қатарына қабылдануды мәртебе көреді. Күштік құрылымдардағы алғашқы қадамдары отан алдындағы борыштарын өтеуден басталады.

Қалыптасқан дәстүрге сай жоғарғы бас қолбасшы бұл күні кәсіби мереке иелерін құттықтап, қызметінде ерекшеленгендерді салтанатты түрде марапаттайды. Бірқатарына  кезекті әскери шен тағайындалады.

Биыл аталған қошемет шараларының бірқатары болмайтыны айтпасақ та түсінікті. Қатерлі індет әкелген төтенше жағдай әдеттегі ұлықтау салтанатына шектеу қойды. Дейтұра бұл күні отанқорғаушылар назарсыз қалмайды.  Олардың құрметіне онлайн шаралар өткізіліп, ер азаматтар мерекені үйлерінде қарсы алып, жақындарының  құттықтауларына бөленетіні анық.  

«Біздің отбасында ерлерге арналған екі мерекеде тойланады. 23 ақпан күнін ескіше атап өтеміз. Өйткені отағасы Кеңес Одағы құрамындағы әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеген болатын. 7 мамырды барша қазақстандықтармен бірге қарсы аламыз. Бұл күн әке, аға, іні мен таныс ер азаматтарға деген құрметіңді тағы бір білдіруге мүмкіндік берген мейрам», - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Әсел Сүлейменова.

«Өкінішке орай биыл әскери шеруді тамашалай алмаймыз. Алайда отбасы иесін назарсыз қалдырмаймыз. Ол біздің жанұяның қорғаушысы, тірегі. Сондықтан ерекше сый әзірлеп жатырмыз. Тосын сыйды қызым екеуміз қолдан жасаймыз. Әдеттегідей мейрам күні ет асып, кең дастарханда отбасы мүшелерімен қарсы аламыз»,- дейді елордалық Майра Жиенқұлова.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: sputniknews.kz