Елордадағы үйдің қабырғасына Б. Момышұлының алып бейнесі салынады

Елордадағы үйдің қабырғасына Б. Момышұлының алып бейнесі салынады

Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәшенов көшесі бойындағы үйлердің бірінде Кеңес Одағының батыры, қаhарман қолбасшы Бауыржан Момышұлына арналған мурал салынып жатыр. Жоба қаншама жасын ұрпақтың өмірін қиған Ұлы Отан Соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған. Сол соғысқа қазақ топырағынан миллионнан астам адам қатысқан. Граффити авторлары –  Ержан Танаев пен Али Закир. Суретшілер осы күнге дейін кураторлары Кристина Бекмурзаеваның жетекшілігімен Қазақстан бойынша 15-тен астам ауқымды жобаларды жүзеге асырып үлгерген.

«Қабырғада жас Бауыржан Момышұлының бейнесі бейнеленген фотосуретті ұстап тұрған ананың қолы салынып жатыр. Себебі осы бір сұрапыл соғыс зардабы еліміздегі ешбір адамды, ешбір отбасын айналып өткен жоқ. Қаншама ана баласынан, қанша әйел жарынан айырылды. Сондықтан бұл мурал сол жарын, баласын сағына күтіп отырған әйел адамдардың тағдырын осы Бауыржан Момышұлы арқылы жеткізгендей. Бұл композиция Ұлы Отан соғысында елі, жері үшін, бейбітшілік үшін күрескен батыр аталарымызға арналады. Себебі олар өскелең ұрпақтың ашық аспан астында бейбіт өмір сүруін аңсады емес пе?! Жалпы қабырғаға муралды салуға бір аптадай уақыт кетеді. Дайындыққа бір ай кеткен еді. Тағы бір айта кетерлігі, жоба демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылды»,- дейді жоба кураторы Кристина Бекмурзаева.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: sxodim.astana