«Алдымнан еңгезердей неміс жауынгері шыға келді. Мен бірден шап беріп, алыса кеттім». Ардагердің естелігінен

«Алдымнан еңгезердей неміс жауынгері шыға келді. Мен бірден шап беріп, алыса кеттім». Ардагердің естелігінен

Азат елдің шуақты күндерін көрген Ұлы мейрамның бас қаһармандарының қатары сиреп барады. Өздері сыйлаған Жеңістің 75 жылдығына жете алмаған ардагерлер қаншама. Бұл күнге жету бақыты бұйырып, соғыстан дін аман оралған майдангерлердің бірі – Николай Дёмин. Бүгінде тоқсанды алқымдаған қарияның айтуынша, қанды ұрыстар – ұмытылмайтын ең мұңды естеліктер. Фашистік Германия опасыздықпен бүйірден соғып, қабырғаны қайыстырған сәтте ол 16 жасар петропавлдық бозбала еді. Ол кезде айбынды кеңес әскерінің қатарына тек 17 жастан қабылданатын. Тек Отан қорғауға деген ұмтылыс бұл шектеуден күштірек болса керек. Белсенді комсомол өз еркімен майдан шебіне аттанды.

«Алдымнан еңгезердей немістің ірі денелі жауынгері шыға келді. Мен бірден шап беріп, алыса кеттім. Ол болса «Гитлер капут, Гитлер капут» айқайға басты, - деп жаумен тұңғыш бетпе-бет жүздескенін есіне алады қария.

Ол қолына алғаш қару алғаны, жауынгерлік ботқаның дәмі, жау құрсауынан құтқарған тұңғыш елі, барлаушы, кейін танкист болған кездердің бәрі көз алдында екенін айтады.

«Солға қарасам, снаряд сынығы қасымдағы лейтенанттың бассүйегіне қадалыпты. Мен есеңгіреп тұрып қалдым. Қанша қызметтес достарымнан айрылдым, тіпті, еске алғанда жаның қиналады. Ұрыс даласына қарасаң, жараланған, қаза тапқан жүздеген дене жатады», - деп Латвия даласындағы ұрыстардың бірінде алған алғашқы жарақатын еске алады қарт майдангер.

Өмірдің бейнеті мен зейнетін көру жазып, бүгінде бақытты ғұмыр кешіп келетін Николай Деминнің майдандас жолдастарына деген сағыныш сезімі жиі кеудесін кернеп, көзіне жас алып еске алады. Кескілескен ұрыстарда оққа ұшып құрбан болып кеткендері қаншама. Бақытты болашақ үшін жан қиған боздақтарға тағзым ету керек дейді.

«Барлығы «Уралап», басы ауған жаққа жүгіре жөнелді. Енді біреулері танкіге шығып қаруларынан аспанға оқ жаудыра бастады. Қуаныштан төбеміз көкке жетті. Бұл күнді әрбіріміз аңсап, оған жету үшін аянған жоқпыз», - деп  Балтық теңізінің жағалауында қарсы алған Ұлы Жеңіс сәтінің сұрапыл жылдардан қалған ең жарқын естелік екенін айтады.

Ұлы Жеңістің куәгері Қожатай Некібаев та отты жылдар туралы өз естеліктерімен бөлісті. Қарт майдангер 1943 жылы әскер қатарына алынғанда 17 жасқа енді ғана толған еді. Мектеп бітіріп, үлкен өмірге аяқ басар кезде қолына қару алып Отанының қорғаны мен қалқанына айналды. Қожатай Некібаев құрамында болған 48 кавалериялық полктің мақсаты Еуропа елдерін жаудан азат ету болды.

«Украинаға келдік. Ол кезде Киевті босатыпты. Біз Житомир, Ровно, Львов пен бүкіл Батыс Украинаны немістерден тазарттық. Бұған 3-4 ай уақытымыз кетті. Содан тартып отырып Венгрияға келдік. Бірнеше қаласын алып, өндіріс жақсы дамыған қалаға жеттік. Онда немістер жақсы бекініп алыпты. Фашистерден шаһарды тазартуға 20 күн кетті», - дейді  ҰОС ардагері Қожатай Некібаев.

Одан кейін жаудан арылған жерлердің аясы кеңейді.  Бұл тізімге Словакияның шаһарлары мен ауылдары қосылды. Сәуірдің 15-16-сы Қожатай Некібаев қаруластарымен Венадағы жаудың қорғанысын бұзып өтті. Осылайша, Австриядағы фашистер артқа шегінді. Араға бірнеше апта салып Рейхстагқа қазақстандық Рақымжан Қошқарбаев Жеңіс Туын тіккені туралы өміріндегі ең басты хабар жетті, дейді майдангер.

Әуеде ұшқыш, жерде танкист пен жаяу әскер Ұлы Жеңіс жолында жаумен алысты. Отан деген ыстық ұғыммен жігерленіп, қарсы келген дұшпанға қаймықпай тойтарыс берді. Сол сұрапыл жылдары «Бәрі майдан үшін» деген тыл еңбеккерлерінің де қаһармандық істері ұмытылмайды. Қанды қырғын жазылмас жараның ізін қалдырғаны анық. Бұл күн адамзат тарихындағы қаралы бет  қана емес, сонымен қатар теңдесі жоқ батырлық пен ерліктің, отансүйгіштіктің жарқын белгісі болып мәңгі сақталып қалмақ. Ендеше, Жеңіс күні – баршамызға ортақ қасіретті де қасиетті мереке.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов