«Хабар» Агенттігінің қызметкерлері батыр әжені құттықтап қайтты

«Хабар» Агенттігінің қызметкерлері батыр әжені құттықтап қайтты

II Дүниежүзілік соғысқа Қарағанды облысынан барлығы 45 мың адам аттанса, соның 18 мыңы майдан даласында мерт болған екен. Өкінішке қарай, қанды қырғыннан елге аман оралған батырларымыздың қатары да жыл санап сиреп келеді.

Қазір Қарағанды облысында 67 ардагер қалған. Соның бірі – Серафима Пономарева. Ол төрт тілді жетік біледі. Ана тілінен бөлек, ағылшын, неміс және француз тілдерінде еркін сөйлейді. Ал соғыс жылдары әскери аудармашы ауадай қажет болатын. Осылайша, оқуда жүрген өрімдей қыз небәрі 17 жасында майданға аттанады. Маршал Жуковтың штабында жұмыс істеген. Жеңісті Берлинде қарсы алған батыр әжемізді мереке қарсаңында «Хабар» Агенттігінің қызметкерлері құттықтап қайтты.

«Берлинге жеткенде қанға бөккен көшені, жер жастанған солдаттарды көріп, жүрегім ауырды. Сол жолғы кескілескен шайқаста тек қана біздің армиядан 648 мың жауынгер мерт болыпты. Сондықтан бұл жеңіс бізге оңайға түскен жоқ», - дейді ардагер. 

Серафима Пономарева соғыстан кейін де 5 жыл Берлинде жұмыс істеген. Ол неміс басқыншылары жетекшілерінің қылмыстары қаралған Нюрнберг процесінде ол аудармашы болады. Ал сотқа дейін дерек жинау үшін фашистік концлагерлердің барлығын аралап, тұтқындармен тілдескен.

«Нюрнберг сот процесінде қаралған әрбір іс аса құпия болатын. Біз әр отырыстан соң бұл жайында ешкімге тіс жармау туралы қолхатқа қол қоятын едік. Өте ауыр кезеңдер болды», дейді кейуана.

Серафима Пономарева Германияда тұрмыс құрады. Сөйтіп 50-ші жылдары әуелі Мәскеуге оралып, оқуын аяқтайды. Кейін Қазақстанға келіп, 55 жыл мектепте және жоғары оқу орнында ұстаз болып еңбек еткен. Қазір жасы 92-те. Екі қызынан 4 немере, 5 шөбере және 2 шөпшек сүйіп отыр.

 

Фото: novoetv.kz