Мәншүк Мәметова – қазақтың қаһарман қызы

Мәншүк Мәметова – қазақтың қаһарман қызы

Мәншүк Мәметова – қазақ халқының қаһарман қызы. Бұл даңқты есіммен барша қазақ елі мақтанады. Сұрапыл майданда өр мінез танытып, ерлікпен қаза тапқан қайсар бойжеткен Кеңес Одағының Батыры атағын күллі Азия елдерінде шығыс қыздарының арасынан бірінші болып алды. Біз Мәншүк Мәметова жайында не білеміз? Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында қайсар мінез, батыр болмысымен дараланған отандасымыздың өміріндегі айтулы оқиғалармен таныс болыңыздар.

1. Мәншүк Мәметованың ата-анасының азан шақырып қойған есімі – Мәнсия. Анасы бала күнінде еркелетіп «Моншағым» деп, кейін Мәнсияның атын айтуға тілі келмей өзін "Мәншүк" деп кетеді. Құжат алар кезде де батыр қыз өз есімін «Мәншүк» деп жаздырады. Майданда аяулы есімін асқақтатқан батыр қыз 1922 жылдың қазан айында Батыс Қазақстан облысы, Орал ауданында дүниеге келген. Оның балалық шағы Жасқұс деп аталатын ауылда өтті.

2. Әкесі Жиенғали қоймада күзетші болып, ал анасы Тойшылша үй шаруасымен айналысқан. Мәншүктің екі туған ағасы болды. Олар – Нағи мен Қадыр. Ахметтің ағасы Қанаттың қолында тәрбиеленіп жатқан Нағи Орал қаласына оқуға түседі. Ал Қадыр Оралда жоғарғы оқу орнын тәмамдағаннан кейін әскер қатарына шақырылады.

3. 1927 жылы Саратов қаласынан Мәншүктің ауылына оның туыстары – Ахмет пен Әмина Мәметовтер келеді.  Ұзақ уақыт перзент сүйе алмай жүрген ерлі зайыпты  бүлдіршінді бірден жақсы көріп қалады,  үй иелеріне күтпеген өтініш жасап, Мәншүкті асырап алғысы келетінін айтады.  Ата-анасы бұл өтінішті қабылдап, қыздарының қалалы жерде оқып, білімді азаматтардың қолында тәрбиеленуін жөн көреді. Ахмет – қазақтан шыққан алғашқы дәрігер, ал әйелі Әмина – әдебиет пәнінің мұғалімі әрі әдіскер.

4. Мәншүк 1931-1938 жылдары Алматы қаласындағы №28 мектепте білім алады. Осы жылдар ішінде туған анасы мен әкесі бірінен кейін бірі көз жұмады. 1938 жылы Ахмет Мәметовке «халық жауы» деген жала жабылып, ату жазасына кесіледі. Бұл қайғылы оқиға моншақтай қыздың жүрегінде өшпес жара қалдырады. Жайсыз оқиғадан кейін Мәншүк дәрігер болу арманынан бас тартып, жұмысшы факультетіне оқуға түседі. Тұрмыстары қатты нашарлап кеткендіктен, Мәншүк институттағы оқуын тастап, үкіметтің басқарма істерінде хатшы болып жұмысқа тұрады.

5. Соғыс басталған жылы небәрі 18 жастағы Мәншүктің жоспарларының бәрі кейінге шегеріледі. Бойжеткен бір жыл бойы әскери комиссариатқа әскерге өз еркімен бару туралы өтініш жазады. «Сіздерден фашист-қарақшыларды талқандап құрту үшін мені майданға жіберуіңізді сұрағым келеді. Өйткені майданға баратындай ағайым да, апайым да жоқ, сол себептен де өзім сұранамын. Өтінішімді қанағаттандыруыңызды сұраймын» деп жазды қайсар қыз өз өтінішінде.

6. Алайда бұл уақытта кеңес билігі нәзік жандыларды әскерге алу туралы жарлық шығармаған болатын. Мәншүк тек 1942 жылдың 13 тамызында Алматы қаласында құрылған жасақ құрамында болып, соғысқа аттанады. Осы бригаданың құрамында барлығы 4 890 жауынгер болды. Оның ішінде екеуі қазақ қыздары – Мәриям Сарлыбаева мен Мәншүк Мәметова. Батыр қызбен бірге жауға қарсы Нұржан Құсайынов, Райымбек Бәйсейітов, Тахауи Ахтанов, Әзілхан Нұршайықов, Мәлік Ғабдуллин және Сұлтан Жиенбаев аттанды.

7. Батыр қыз майдандағы алғашқы тапсырмасын подполковник Мостовтан алған-ды: екінші атқыштар батальоны штабының құжаттары бар папканы тиісті жерге жеткізуі керек болды. Осы кезде байланысшылар тобының фашистердің қолына түсіп қалғанына қарамастан, Мәншүк тапсырманы сәтті орындап, қошемет сөз естіді.Мәншүк Мәметова жаумен шайқасып қана қоймай, санитарлық қызметті шебер атқарды. Өлім аузында жатқан майдандастарына қолдан келгенше көмектесті.

8.1942 жылы Великие Луки қаласын жау қолынан азат ету үшін барын салып шайқасты.. Кейін құрамында Мәншүк бар Ушаков батальоны Бурцевоны қорғауға аттанды. Ауыл төрт мәрте қолдан-қолға өткендіктен, шайқас тартысты болды. Осы кезде қазақ қызы жауға қарсы пулеметтен оқ жаудырды. Көптеген сарбазынан айырылған неміс әскері кейін шегінуге мәжбүр болды.

9. Көп ұзамай пулеметшілер батальонына алынған Мәншүк бөлім командиріне дейін көтеріліп, сержант атағын алды. Осы батальон 1943 жылдың күз айында Изоча станциясын жау қолынан босатуға қатысты. Алайда кеңес әскері көп сарбазынан айырылып, кейін шегінеді. Мәншүк осы кезде «Сендер бара беріңдер. Мен кетсем, сендерді кім қорғайды?» деп қалып қояды. Осылайша қайтпас қайсар ару «Максим» пулеметімен жүздеген немістің көзін жойды. Ол 1943 жылдың 15 қазанында ерлікпен қаза тапты. Арада 6 ай өткен соң Кеңес Одағының батыры атағы берілді.

10. Павлодар облысының колхозшылары Батыр қыздың құрметіне Мәншүк атындағы танк колоннасын құру үшін қаражат жинады. Сондай-ақ, туған жерінде оған арнап ескерткіш орнатылған. Невель, Орал және Алматы қалаларында Мәншүк Мәметова атында көшелер бар. Бұдан өзге елде онға жуық мектеп пен Қызылорда қаласындағы қыздар педагогикалық училищесіне батыр қыздың есімі берілген. Ол туралы кино түсіріліп, естеліктер жазылған.

Мәншүк Мәметова сынды Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерліктері жайында бүгін сағат 16:55-те «Kazakh TV» «Our common victory» бағдарламасынан көре аласыздар. Жобаның 4 бөлімі қан майданда ер мінездік танытқан батыр қыздардың құрметіне арналған.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: novoetv.kz​