Өзбекстан барлық коллекторларды тазалауға көмектеседі

Өзбекстан барлық коллекторларды тазалауға көмектеседі

Өзбекстан Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы барлық коллекторды тазалауға көмектеседі. Тек өзбекстандық тарапқа шекарадан техникамен кіруге жағдай жасау керек. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Үкіметтін онлайн отырысында мәлімдеді. Аймақ басшысы әлі 7 елді мекенді су басу қаупі барын айтты. 4 мамырда түркістандық тарап Өзбекстанға барып, мәселені шешу жолдарын бірге талқылаған.

«Кеше біз Өзбекстанға барып, орталық коллекторды аралап шықтық. Қауіпті деген жерлердің бәрін қарадық. Соның ішінде Қоғалы елді мекенінің маңынан тағы да қосымша каналдар ұйымдастыруды ұйғардық. Жағдай тұрақтанғаннан кейін олар өз техникасымен кіріп, біздің бүкіл коллекторды тазалауға көмектесетініне келісім алып келдік. Біз тек шекарадан өтуге мүмкіндік беруіміз керек», - деді Шөкеев үкімет отырысында.

Аймақ басшысының айтуынша, Мақтаарал ауданындағы елді мекендерге жерасты суы жақын орналасқан, сондықтан су ұзақ уақыт жатып қалуы мүмкін.

«Сол себепті елді мекендердің айналасынан үлкен арықтар қазып, суды сорғыту үшін техника қажет болады. Осыған орай экология министрлігімен бірігіп, республика өңірлерінен мотопомпа, сорғыларды алдыру керек болады», - деді әкім үкімет басшысына.

Айта кетейік, Өзбекстанда су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданының оннан астам елді мекенін су басты.

14 елді мекеннен 31 606 тұрғын эвакуацияланды. Жеті елді мекенде су басу қаупі әлі жоғары. Ал Мырзакент және Ақжолда қауіп сейіліп, тұрғындар үйіне оралған.

Жеңіс ауылындағы көпір, республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар 54,7 шақырым автожол су астында қалды. Бұдан бөлек, 7639 гектар егістік жерге де зиян келген.

Бүгінгі таңда ҚР Премьер-Министрінің Өкімімен Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдің төрағалығымен Үкіметтік комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр.

«Комиссия бес ауылда – Жаңа тұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдарына келтірілген залалға шұғыл бағалау жүргізіп, одан соң инженерлік, көлік, әлеуметтік инфрақұрылым мен тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстарын бастайды», - деді Асқар Мамин.

Премьер-Министр Асқар Мамин төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындарға үкімет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетілетінін айтты.

Авторы: Әсел Күшенғалиева 

 

Фото: lenta.inform.kz