Қ.Тоқаев: Қазақстанның стратегиялық бағыт-бағдары айқын

Қ.Тоқаев: Қазақстанның стратегиялық бағыт-бағдары айқын

Коронавирус індеті медицина ғылымын дамытудың аса өзекті екенін көрсетіп берді. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында айтты. Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру өзекті мәселеге айналғандығын да тілге тиек етті. Оны жүзеге асыру үшін алдымен дәрігерлерге берілетін әлеуметтік кепілдік аясын кеңейтіп, ынталандыру жүйесін жетілдіру қажет.  

«Алдағы уақытта елімізде медициналық-биологиялық зерттеулерге ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені айбынды әскермен бірге мықты медицина да – мемлекеттің негізгі қалқаны. Бұдан былай оның өзектілігі арта түсетіні сөзсіз. Жақында Нұр-Сұлтан қаласында модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы ашылды. Оның небәрі екі апта ішінде салынғанын білесіздер. Аурухана халықаралық талаптарға сай жабдықталған. Оны арнайы барып аралап көрдім. Сонымен қатар ғалымдарымыз диагностикалық тест жүйесін әзірлеп шықты. Міне, осындай нақты жұмыстар саланы жетілдіре түсетіні сөзсіз. Денсаулық сақтау министрлігі алдағы уақытта да медициналық қызмет сапасын арттыру үшін ауқымды әрі жүйелі жұмыс жүргізуі керек», - деп атап айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өз сөзінде еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады деді. Шикізат бағасының құлдырауы экономикалық жағдайды қиындататыны анық. Халықаралық валюта қорының пайымдауынша, биыл әлемдік жалпы ішкі өнім едәуір төмендемек. Әр мемлекет өзінше қам жасап жатыр. Ал біздің елде дағдарысқа қарсы шаралар үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Үкімет дағдарыс кезеңінде бюджетті нақтылаудың ерекше тәртібін бекітті.Үнемделген қаражат экономиканың тұрақты дамуын және төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге жұмсалуда.

«Осындай күрделі кезеңде халыққа көмек көрсетілмесе, мемлекеттілігімізге сын емес пе?! Әрине, ақша таратып берумен ахуал түзелмейді. Дағдарыс жағдайында кешенді әрі жүйелі шаралар ұйымдастырған абзал. Ең алдымен, жастарды жұмысқа орналастыру керек. Сондықтан 250 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Әр өңірде инфрақұрылымдық және инженерлік жобалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары бар. Міне, жұмыссыз қалғандарды солардың құрылысына, жөндеу жұмыстарына жұмылдырудамыз. Жалпы, Қазақстанның стратегиялық бағыт-бағдары айқын», -деді Президент.

Мемлекет басшысы атап өткендей, елімізде заман талабына сай реформалар жүргізілуде. Әр саланы қамтыған жан-жақты жаңа саяси және әлеуметтік бастамалар қолға алынуда.

«Қазір менің бастамаммен Парламентте бірқатар маңызды заңнамалық өзгерістер талқылануда. «Бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасы қарастырылып жатыр. Бұл еліміздің демократиялық дамуын айқындайтын өте маңызды құжат болатынына күмән жоқ. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауына түсетін саяси партиялар әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота бөлетін болады. Осыған орай заңға тиісті толықтырулар енгізу қарастырылуда. Сондай-ақ саяси партия¬ларды тіркеуді жеңілдету, парламенттік оппозиция институтын қалыптастыру үшін заңнамаға маңызды түзетулер жасалмақ. Осы өзгерістер саяси үдерістерді одан әрі либерализациялау жолындағы нақты қадам болады деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, елді алаңдататын өзекті мәселенің бірі баспана мәселесі екенін айтты. Қазір бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Үкімет алдына Елбасы ұсынған «Бақытты отбасы» бағдарламасының аясын кеңейтіп, тұрғын үй құрылысын жандандыру міндеті қойылды. Соған сәйкес, биылдан бастап жыл сайын көп балалы және мүгедек балалары бар 10 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

«Аз қамтылған және көп балалы отбасыларға арналған әлеуметтік көмектің жаңа түрлері енгізілді. Мысалы, көп балалы отбасыларға табысына қарамай жәрдемақы беріле бастады. Жарты миллионнан астам азаматтың 300 мың теңгеге дейінгі кепілсіз несиесі өтелді. Бұл бастамалар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Былтыр «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Соған орай алдағы төрт жылда ұстаздардың еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл жұмыс жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бюджет саласындағы басқа да қызметкерлердің жалақысы көбейтілуде», - деді Қасым-ЖомартТоқаев.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы жастарды қолдау мен ұстаздардың мәртебесін арттыруға  бағытталған игі  шаралар туралы да айтты. Қиын-қыстау кезеңде түсіністік танытып ортақ мәселеге жұмыла білген, ұлт саулығының қамында қолға алынған сақтық шараларына немқұрайлық танытпаған  Қазақстан халқына алғысын білдірді. 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов