Әскерге шақырылатын жастар COVID-19 бойынша ПТР-тесттен өтеді

Әскерге шақырылатын жастар COVID-19 бойынша ПТР-тесттен өтеді

Алдағы тамыз айында әскерге шақырылатын жастар коронавирус бойынша ПТР-тесттен өтеді. Бұл жаңалықты онлайн брифингте Қарулы күштері Бас штабының ұйымдастыру, жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастысы Сәкен Жүсіпов айтты.

«Жергілікті атқарушы органдар әскери қызметке шақырылған азаматтарды ПТР-тесттерден өткізіп, шақырылушыларды хабарландыру мен жинау, медициналық куәландыру кезінде, жинау мен аттандыру бекеттерінде барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптың сақталуын қадағалауы керек», деді Сәкен Жүсіпов.

Сондай-ақ Қарулы күштерде мерзімді әскери қызметтен босаған сарбаздардың қауіпсіздігін сақтау бойынша да бірқатар шара қабылданып жатыр. Ал әскерде жүргеніне бір жыл болған мерзімді әскери қызметшілер Төтенше жағдай режимі алынғаннан кейін ғана запасқа шығарылады.

«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы ҚР заңына сәйкес Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін қолдау мақсатында Төтенше жағдай кезінде 2019 жылы көктемде әскерге шақырылған мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару уақытша тоқтатылды. Запасқа шығарылғанға дейін осы әскери қызметшілерді киім-кешекпен, азық-түлікпен, қаржымен және медициналық қамтамасыз ету сақталады. Сонымен қатар, барлық өңірде әскерге шақыру және медициналық комиссиялардың жұмысы тоқтатылды. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы азаматтарды мерзімді әскерге шақыру мерзімдерін 2020 жылғы маусымнан тамызға ауыстыру туралы жарлыққа қол қойды», - деді полковник ОКҚ онлайн-брифингінде.

Оның айтуынша,  әскери қызметшілерді запасқа шығаруды тоқтата тұру және азаматтарды әскерге шақыру мерзімін ауыстыру туралы шешім мемлекетіміздің тарихында алғаш рет қабылданып отыр және ол азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: inform.kz