Түркістан облысындағы су тасқыны: бір ғана ауданның аграрлық секторындағы шығын 400 млн теңгеден асады

Түркістан облысындағы су тасқыны: бір ғана ауданның аграрлық секторындағы шығын 400 млн теңгеден асады

Мақтаарал ауданындағы су тасқынына орай ауыл шаруашылығы саласында түгендеу жұмыстары жалғасып жатыр. Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспановтың айтуынша, қазірдің өзінде 3 601 гектарға жуық ауыл шаруашылығы дақылдарының су астында қалып, зардап шеккені анықталған. Алдын ала болжам бойынша, шығын көлемі – 404 млн теңге. Түркістан облысы өңірлік коммуникация қызметінің дерегінше, әсіресе, Жаңажол, Еңбекші ауыл округтеріне қарасты Жеңіс, Жаңатұрмыс, Жантақсай ауылдарындағы алқаптар көптеп зардап шеккен. Су астында қалған егістік алқаптың 85 пайызын мақта егістігі болса, қалғаны жоңышқа мен жүгеріге тиесілі екені анықталған.

«Дәл қазіргі таңда 95 маманымыз су астында қалған егістік алқаптары мен мал шығындарын есептеп, түгендеу жұмыстарын жүргізуде. Мақтаарал ауданындағы егістік алқаптар мен мал шығындарын толық есептеуге әзірге мүмкіндік аз болып тұр. Десек те, тұрғындар берген мәліметтерді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімімен бірлесе отырып, зерделеп жатырмыз. Біз алдағы уақытта су тасқыны басылған соң ауылдарды аралап, шығын көлемін нақты анықтайтын боламыз», – дейді Тұрғанбек Оспанов.

Мақтаарал ауданында алдағы уақытта су басу қаупі бар ауылдарда малды көшіру жұмыстары жалғасуда. Ал суға кетіп өлген төрт түлік саны әзірге белгісіз болып отыр. Соңғы мәлімет бойынша, Мақтаарал ауданындағы Жаңа тұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас ауылдарында барлығы 620 тұрғын үй қираған. Тұрғындар қауіпсіздігін сақтау мақсатында ауылдардың кіреберісіне блок-бекеттер қойылды.

Айта кетейік, Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысында 10 ауылды су басты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында осылай деді. «22 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды. Оларға көмек көрсетіліп жатыр. Өзбекстан Үкіметімен келіссөздер жүргізілуде», – деп жазды Мемлекет басшысы.

Ал Өзбекстанда Сардоба су қоймасының бұзылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Апатқа кінәлі адамдарға тау, құрылыс немесе жарылу қауіпі бар жұмыстардың қауіпсіздік ережелерін бұзды және қызметіне салғырттық танытты деген айыптар тағылады. Бұл туралы осы елдің Бас прокуратурасы хабарлады. Қазір Өзбекстанда 400 құтқарушы төтенше жағдайдың салдарын жоюмен айналысып жатыр.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: tengrinews.kz