1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні

«Береке бастауы – бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған мемлекет үшін Қазақстан халқы бірлігі мейрамының орны ерек. Жатырқауды білмейтін халқымыз бір мүддеге ұйып, қуатты ұлт пен шуақты ұлыс құрып, дәулеті мен сәулеті келіскен құтты мекеннің бірлігі жарасқан біртұтас иесіне айналды. Осы мызғымас достықтың қасиеті жоғары бағаланып, барынша ұлықталып келетін мейрам биыл төтенше жағдай режимінде аталып өтуде. Бұл сындарлы кезең  қалыптасқан ауызбіршілікке тұсау емес.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қатерлі індетпен күресіп, бірге еңсеру керек. Тек бұл жолы ұлт саулығының қамында бір-бірімізге деген жаупкершілікті ұғынып, шектеу шараларын сақтауда күш біріктірген жөн, дейді Қазақстан халқы Асамблеясының мүшелері. 

«Әлемді жайлаған келеңсіз жағдайға байланысты алғаш рет ортақ мерекені кең көлемде атап өте алмаймыз. Әрбіріміз өз отбасымызда қарсы аламыз. Алайда, бұл мерекенің құндылығы мен тарихына еш әсерін тигізбейді. Біз түрлі мәдениет пен этнос өкілдері Тәуелсіз Қазақстанда өз құндылықтарымызды сақтап қана қоймай, қайта жаңғыртып дамытып жатырмыз. Бұл кейінгі ұрпаққа мирас болып қалатын асыл мұра. 1 мамыр мерекесін ынтымақтастық пен ауызбіршілікке үдеп, игі істің маңызын тағы бір еске салатын күн екенін білуіміз керек»,-дейді Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА кәсіпкерлер кеңесінің төрайымы Фарангиз Ахметова.

Жаһандық пандемия адамзатқа әрбір тірі пенденің тең екенін танытты. Қатерлі індет есік қағып келмейді. Шекара талғап, адам таңдамайды. Ұлтқа жіктелмей, бір-біріне қайырымды болуға үйретті. Бір ананың балаларындай бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жарқын болашақты бірге қалап жүген этнос өкілдері бүгінгі қиын-қыстау кезде іс жүзінде қолдан келер көмектен аянар емес. #Bizbirgemiz! акциясы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері әлеуметтік аз қамтылған топтарға демеу жасауды қолға алған.

«Еріктілер көп балалы отбасылар, мүгедектер мен зейнет жасындағы жалғыз басты қариялардың үйлерін аралап, медициналық қорғаныш заттар, дәрі-дәрмектер, азық түлік таратып жүр. Белсенді жастарды тәрбиелеу ісінде алдымен бойына үлкенге құрмет көрсетуді баулу қажет. Қайырымды ұрпағы бар ел бар қиындықты еңсереді. Ал осы 1 мамыр Қазақстан Халқы бірлігі күнінің олардың санасына достық, ізгілік сынды адамгершілік қасиеттерін сіңіруде маңызы зор»,- дейді Нұр-Сұлтан қаласының «ТАҢ» татар-башқұрт мәдени орталығы» ҚБ төрағасының бірінші орынбасары Равиль Валеев.

Ел басына туған қиын қыстау кезде қоғамдық бірлестіктер мен этномәдени орталықтардың мүшелері сөзден іске көшіп, лайықты істермен шын ниеттерін танытып келеді. Қатерлі індеттің ошағын ауыздықтауда атсалысып жүрген мамандарды қолдау шаралары еліміздің әр түкпірінде өтіп жатыр. Баршамызға ортақ рухани мұра – Әл-Фараби, Абай сынды тұлғалардың шығармаларын кеңге насихаттауға да Ассамблея өкілдері белсене араласуда.

«Қазіргі уақыт ешкімге оңай тиіп жатқан жоқ. Бәріміз үйде оқшаулануға мәжбүрміз. Дегенмен өміріміз жалғасып жатыр. Карантин уақыты аяқталады. Сонда біз бәріміз қайта жүздесіп ортақ ісімізді жалғастырамыз. Әзірге вирустан қорғану үшін шектеулерге құлақ асып, тыйым шараларын қатаң сақтаумыз қажет. Қазіргі мақсатымыз – сол. Осы тұрғыда бірлігімізді көрсетейік. Өйткені біз Қазақстан атты үлкен жанұяның мүшесіміз. Мереке құтты болсын, ағайын!»,- дейді «Радима» беларус этно мәдени орталығының төрағасы Дмитрий Останькович,

Егеменді ел бір шаңырақ астында 130  астам ұлт өкілін жиып отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекетіміздің шағын үлгісі іспетті. Бірегей әлеуметтік институттың моделі өзгелерге үлгі. Ондағы басты мақсат-мүдде айқын. Қаймағы бұзылмаған қоғамның бейбіт тірлігіне сызат түсірмей көздің қарашығындай сақтап баянды ете түсу.