Бүгін Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккен күні

Бүгін Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккен күні

Осынау тарихи да тағдырлы оқиға осыдан тура 75 жыл бұрын болған еді. Берлиндегі Рейхстагта Жеңіс туын желбіреткен қазақ сарбазы, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың өмір жолы туралы не білеміз?

Тал бесіктен жер бесікке дейін

Рақымжан Қошқарбаев қазіргі Ақмола облысының елордаға  жақын орналасқан Тайтөбе ауылының маңындағы қыстақта дүниеге келді. Ата-анасынан ерте айырылды: 4 жасында анасы дүниеден өтті, ал әкесі болса, жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ лагерінде жазасын өтеді. Рақымжан Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленді. 7 жылдық мектепті бітірген соң, осы арадан Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне жіберілді. Оған ананың мейірімі мен жылы алақаны, әкенің қамқорлығын сезіну бұйырмады. Отан-ананың тәрбиесі бойына сіңген бала-жігіт Ұлы Отан соғысы басталған соң-ақ, елін жау қолынан азат етуге бел буады. Осы ізгі мақсатпен 1942 жылы Фрунзе қазіргі Бішкек қаласындағы жаяу әскер училищесіне оқуға түседі. Осы жерде баяғыда НКВД құрсауына түскен әкесі іздеп тауып, ұлының сапар жолына ақ батасын береді.

Майданның алдыңғы шебінде жүрген қайзар қазақ

1945 жылы 16 сәуірде Рақымжан Қошқарбаев бас болған шабуылдаушы взвод Одер өзенінің батыс жағалауындағы Гроенойндорф елді мекеніндегі жаудың бетін қайтарады. 40 немісті қырып, үлкен калибрлі 3 пулеметті қолға түсіреді. Қызыл әскер ары қарай жылжиды. 1945 жылдың 29 сәуірінде Шпре өзені маңында қанды қырғын болады. Тағы да жауға Рақымжан Қошқарбаевтың взводы тойтарыс береді. Осылайша Одерден басталған шайқас Рейхстагқа дейін жалғасады. Осы аралықта Рақымжан Қошқарбаевтың взводы 200 немістің көзін жойып, 184-ін қолға түсіреді. Майдан даласындағы жаудың 14 зеңбірегін, 27 үлкен калибрлі пулеметті, одан бөлек көптеген мылтық, оқ-дәрілерді тәркілейді. Осы үшін Рақымжан Қошқарбаевтың взводына "Бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы" ордені табыс етіледі.

Жеңіс Туы

 Рақымжан Қошқарбаевтың өзі 1958 жылы 28 ақпанда "Лениншіл жас" газетінде шыққан сұхбатында тарихи ерлігі туралы баяндап берді.

«Батальон командирі, капитан Давыдов мені шақырып алып:

– Лейтенант Қошқарбаев, саған жауынгерлік тапсырма, – деді Давыдов.

– Орындауға әзірмін.

Қастарына шақырып, Васильченко екеуі ортаға алды.

– Көріп тұрсың ба анау үйді? Рейхстаг деген – сол. Ендігі қалған жау ұясы.

– Көріп тұрмын.

– Қызыл жалау апарып тігу керек! Полктен әдейі лейтенант Сорокин басқарған барлаушылар взводын жіберіпті, – деді қасындағы жігіттерді нұсқап.

– Бұлар да сенімен бірге аттанады. Бүкіл батальон болып қолдаймыз.

– Құп, жолдас капитан!

«Гитлер үйі» мен Рейхстагка дейін арақашықтық 360 метр ғана, бірақ ол жан-жағынан оқжаудырылған ашық алаң  үстінде еді. Лейтенант Қошқарбаев өзінің жауынгерлерімен көз шаптырым қашықтықты толассыз атылған оқтың астында 7 сағатта, жерге жабыса еңбектеумен өтті. Рейхстагқа ол Григорий Булатов деген солдатпен бірге жетті және бұйрықты орындап, Рейхстагтың фронтанына туды тікті.

– Тоқта, әкел қолыңды! Бас-аяғы бір тұтам кішкентай жігітті балаша көтеріп алдым.

 – Сал аяғыңды иығыма!

Ол ыршып менің иығыма шықты. Қойнымдағы жалауды суырып алып, қолына бердім:

– Іл! Байла!

Осы сәтте бір жарық ракета аспанды шарлай жөнелді. Біздің жауынгерлерге шабуылға шығуға берілген белгі екен. Ракета жарығымен өз туымыз өзімізге көрінді. Қаншама азаматтың ерлікпен төгілген қанына боялғандай қызара шалқып, шабуылға шығушыларға қол бұлғайды».

Бейбіт өмір

Мәңгілікке жер құшқан фашистердің соңғы ұясының үстіне Жеңіс туын желбіреткен Рақымжан Қошқарбаев соғыстан кейінгі жылдары азат етілген аумақтағы әскерлердің құрамында қызмет еткен. 1964-1967 жылдары Ақмола облысының атқарушы комитетінде нұсқаушы, Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі басқармада инспектор болған. Ал 1967 жылдан бастап, «Алматы» қонақ үйінің директоры қызметін атқарды. «Қызыл ту», «1-ші дәрежелі Отан соғысы» ордендері мен «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», медальдарының иегері. Рейхстагқа ту тіккені үшін «Жауынгерлік Қызыл ту» орденінің иегері болды. Ал 2001 жылы «Халық қаһарманы» атанды. Даңқты қазақстандық 1988 жылдың 10 тамызында Алматы қаласында қайтыс болды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: ok.ru