Ұлы Жеңістің 75 жылдығын атап өтуге арналған онлайн шаралар

Ұлы Жеңістің 75 жылдығын атап өтуге арналған онлайн шаралар

Виртуалды ардагерлер аллеясы, онлайн «Мәңгілік полк» шеруі, үйлердің қабырғаларындағы батыр майдангерлердің бейнесі мен ҰОС қатысты электронды мұрағат деректері. Төтенше жағдайға байланысты Ұлы Жеңістің 75 жылдығын ұлықтау әдеттегіден өзгеше өтеді.

2012 жылдан бері жақсы дәстүрге айналған «Мәңгілік полк» шеруі биыл да өтетін болады. Тек карантинге байланысты форматы өзгертілді. Отан үшін отқа түсіп, майдан даласынан оралмаған  боздақтарды еске алу шарасы биыл виртуалды түрде ұйымдастырылмақ. Игі шараны елордалық кітапханашылар қолға алып отыр.

«Акцияға қатысу үшін Ұлы Отан соғысына қатысқан туысқан ардагердің немесе тыл еңбеккерінің суретін жіберу керек.  Барлық жиналған материалдар Ұлы Жеңіс  мейрамы  қарсаңында 8 мамыр күні  желідегі @kitap_kala атты  парақшада міндетті түрде жарияланатын болады», - делінген Нұр-Сұлтан қалық «орталықтандырылған кітапхана жүйесі» хабарламасында.

Дәл осындай  акция Ақтау қаласында да ұйымдастырылады. Жергілікті сайт карантиндік шектеу шараларын ескеріп тұрғындарға жауынгерлердің рухына тағзым етіп, есімдері мен ерліктерін  еске алудың  заманауи мүмкіндігін ұсынып отыр. Мамырдың 7 дейін pomnim@inaktau.kz  поштасына ардагерлердің қысқаша өмірбаяндарын жіберуге болады. Кейін бар мәлімет «Естеліктер қабырғасы» атты арнайы бөлімде жарыққа шығады.

Ал ТМД елдерінің қылқалам шеберлері ардагерлердің құрметіне арнаған шығармашылық ойларын іске асыруға кірісіп кетті.  Майдангерлердің ерлігі мен сұрапыл соғыс жайында түсірілген фильмдер суретшілердің шабытын оятты. Бейнелеу өнерінің шеберлері тұрғын үйлердің қабырғаларына осы тақырып аясындағы еңбектерін салған. 

Билік өкілдері қариялардың қауіпсіздігі қамында тұрғындарға ардагерлердің үйлерін аралап, құттықтаудан бас тартуға кеңес береді. Бүгінде ардагерлер мен тыл еңбекерлері және ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендерге бір реттік ақшалай төлем аударылды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: sputniknews.kz​