COVID-19: Шетелдегі қазақстандықтардың көзімен

COVID-19: Шетелдегі қазақстандықтардың көзімен

Коронавирус инфекциясы жаһанды жайлай бастағалы шет мемлекеттерде жүрген Қазақстанның 7 мыңнан астам азаматы елге жеткізілді. Олар жыраққа білім алу немесе жұмыс барысы сынды әртүрлі себептермен барған. Алайда бірқатар жерлесіміз сырт елдерде қалуға мәжбүр болды. Олардың арасында қатерлі індет ошағы болып тұрған аймақтарда тұрып жатқан қандастарымыз да бар. Біз олармен  хабарласып,  пандемия кезіндегі хал-ахуалдарын білдік.

ДИАНА ЭСПОЗИТО, ИТАЛИЯ, САЛЕРНО:

«ИТАЛИЯ ХАЛҚЫНА ҚАЗІР КОРОНАВИРУСТАН ДА ДАҒДАРЫС ҚОРҚЫНЫШТЫ»

Италияда қазір құдайға шүкір, коронавирус жұқтырғандар саны, өлім-жітім деңгейі азайып келеді. Өздеріңіз де естіп жаттыңыздар, эпидемияның шырқау шегі орнап тұрған кезеңде тәулігіне мыңдаған адам қайтыс болып, 4-5 мыңнан астамы вирус жұқтырып жатты. Ал дәл осы мен тұрып жатқан Италияның оңтүстік аумағында қазір КВИ жұқтырғандар саны нөлге теңесті. Бұл керемет көрсеткіш әрі мәжбүрлі карантин өз нәтижесін берді деген сөз. Италияда әр аймақтың өз президенті бар, яғни, Қазақстандағы әкімдер сияқты ғой. Біздің аймақ президенті ең бірінші болып өте қатаң шарттар мен талаптар қойған болатын. Енді міне соның нәтижесін көріп, риза болудамыз. 4 мамырда карантин аяқталады. Бірақ бұл қалыпты өмірге ораламыз деген сөз емес. Мейрамхана, ойын-сауық орындары мен сұлулық салондары жабық болады. Кейбір сауда нүктелері ғана ашылады. Айтқандай, пиццериялардың жеткізу қызметі жұмысын бастайды. Өйткені италяндықтар пиццаны өте қатты жақсы көреді. Онсыз бұл халыққа өте ауыр тиген болатын. Дегенмен, қазіргі таңда италиялықтар үшін коронавирустан гөрі оның ерте келген дағдарысы қорқыныштырақ болып отыр. Италия экономикасы құлдырап кетті. Адамдар бұған абыржулы.  Халықта қаражат жоқтығынан билік олардың зейнетақы қорына жинаған ақшасын жұмсауына рұқсат етті. Себебі бүкіл бизнес тоқтап қалды. Күн сайын премьер-министр тікелей эфирде экономиканы қолдау, қайта тірілту туралы айтып жатыр. Бірақ нақты шешім әлі де жоқ. Қазір қай италяндықпен сөйлесе қалсаң да алдағы күніне алаңдап, не істерін білмей отырғандарын байқайсың. Италияның оңтүстігі толық туризммен айналысады. Халықтың басым бөлігі туристер арқылы нәпақа тауып отырған. Оның ішінде мен және менің отбасым да бар. Бірақ туризм, қонақ үй, мейрамхана тағы басқа бизнес Үкіметтен қолдау ретінде бір тиын да алған жоқ. Халықтың шамамен 70 пайызы қол қусырып қалды.  Салыстырмалы түрде біздің халық тығырықтан оңай шығу жолдарын білетін сияқты. Мен мысалы карантин кезінде онлайн оқып, қосымша біліктілік алып, өз бағытымды өзгерттім.  Ал италяндықтар өте жандары нәзік, аңғал келетін халық. Бір жағынан оларды да түсінем. Мысалы, олар қаншама ай жұмыссыз отыр, ал коммуналдық төлем келіп жатыр. Мұнда ол өте қымбат.  Жарық мысалы 200 евродан жоғары, газ бен жылуға 400 евродай келеді. Италияда орталық жылыту жүйесі жоқ, суға дейін үйде бойлерде ысытылады. Міне, бір кездері туристер ағылып жататын, әлемге дәмді тамақтары, керемет мәдениет ошақтарымен танымал Италия еліндегі жағдай осындай. Аздап мұңлы десем болады. Бірақ әлі-ақ бәрі оңалады деп сенемін.

 

НӘЗИРА БЕРДАЛЫ, АҚШ, ЛОС-АНДЖЕЛЕС:

«АҚШ-та КОРОНОВИРУС ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ КӨПТІГІ ХАЛЫҚ САНЫ МЕН ТЫҒЫЗДЫҒЫНА БАЙЛАНЫСТЫ БОЛУДА»

Америкада әр штаттың заңы бөлек. Біз тұрып жатқан Калифорнияда төтенше жағдай 6 наурызда жарияланды. Көшеге жиі шықпаймыз. Адамдарда аса үрей жоқ, бұрынғыша спортпен шұғылданып таза ауада серуендеп, ит-мысықтарын ертіп жүреді. Оқу орындары, балабақша, халыққа қызмет көрсету, сауда және көңіл көтеру орталықтары, саябақтар мен жағажайлар жабылды. Мемлекетаралық және қалааралық әуе, теңіз, автомобиль қатынастары тоқтады. Қала ішінде қоғамдық көлік жүріп жатыр, азық-түлік дүкендері мен дәріханалар жұмыс істеп тұр. Жұмыс пен оқу онлайн режимге көшті. Карантин жарияланған жабық қалалар да бар. Мысалы, бізге көршілес Сан-Франциско қаласы Алматы мен Астана сияқты оқшауланды: қалаға ешкім кіріп-шықпайды, бейсауат жүрген адамға айыппұл салынады. Дәл қазір АҚШ-тың науқастар саны бойынша көш бастап тұруын тек қана адам санының көптігімен, халықтың тығыз орналасуымен түсіндіруге болады. Мысалы, Калифорнияда 44 миллион халық бар. Бір қала халқының өзі бүкіл Қазақстан халқымен тең. Сондықтан процентке шаққанда адам өлімі де, науқастар саны да сұмдық көрсеткіш емес.

 

ӘСИЯ БАҒДӘУЛЕТ, ҰЛЫБРИТАНИЯ, ЛОНДОН:

«БРИТАНДЫҚТАР ВИРУСТЫҢ АДАМ ПСИХИКАСЫНА ӘСЕРІНЕ АЛАҢДАЙДЫ»

Коронавирус індеті адамзаттың денсаулығына ғана емес, жан саулығына да орасан нұқсан келтірейін деп отыр. Қазір Ұлыбританияның мамандары коронавирустың адам санасына, психикасына әсері ұзақ жылдарға созылады деп дабыл қағуда. Қазір мұндағы осы сала мамандары депрессияға, психикалық ауруларға шалдығатындар саны өседі деп болжап, соның алдын алу үшін жұмыла кірісіп жатыр. Ұлыбританияда  коронавирустың ушығып кетуіне бірнеше себебі айтылып жатыр. Біріншіден тестілеуді өте аз жүргізгені. Демек, вирус қарқынын ертерек бәсеңдетуге мүмкіндікті жоғалтып алуы. Елдің экономикасын құтқарамыз деп карантин кеш жарияланды.  Жағдай қиындаған соң ғана ақыры төтенше жағдай енгізілді.

 

ДИДАР КӨРКЕМБАЙ, КАНАДА, ВАНКУВЕР:

«КАНАДА КАРАНТИНДІ ҚАТТЫ БАҚЫЛАП ЖАТҚАН ЖОҚ»

Мен Ванкувердегі Саймон Фрейзер Университетінде білім алып жүрмін. Мұнда да карантин кезінде күнделікті өмір сүру тәртібі өзгерді. Өз басымдағы басты өзгеріс сабаққа қатысты болды.  Біздің университеттерде, көбінесе лекцияны ерте жазып қойып, студенттерге жібереді. Емтиханның форматы өзгерді. Көбінесе компьютер арқылы жауап бере алатындай ғана сұрақтар қойылады.  Барлық оқу орындары онлайн білім алуға көшті, қашықтан жасауға болатын жұмыс та онлайнға көшірілді. Казақстанмен салыстырсақ  Канаданың карантині қатты бақыланбайды. Адамдар әлі де еркін далаға шыға алады, бірақ ойын-сауық орталықтары жабық, мейрамханалар істеп тұр, дегенмен іште отырып тамамақтануға тыйым салынды. Тек өзіңмен бірге алып кетуге болады.  Мен тұрып жатқан Британдық Колумбия провинциясында, короновирустың өсу деңгейі 50% төмендеді деген мәлімет жарияланды. Оның себебі адамдардың ара  қашықтық ережесін дұрыс ұстануында деп ойлаймын. Егер өз отаным Қазақстанда да әр азамат тиісті ережелерді бұлжытпай орындаса көп ұзамай коронавирусты жеңіп шығады деп сенемін.

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов