ҚХА пандемия кезінде ел бірлігін танытты

ҚХА пандемия кезінде ел бірлігін танытты

Бірлігі жарасқан Қазақстан халқы қатерлі індетпен күресте жұмылып, ауызбіршілік пен ынтымақтың жарқын үлгісін тағы бір мәрте іс жүзінде танытты. Елімізде төтенше жағдай жарияланғанан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы 300 мың адамға 276 миллион теңгенің көмегін көрсетті.

Карантин уақытында бір мүддеге ұйыған этном-мәдени бірлестіктер мен қоғамдық орталықтар «Біз біргеміз» қайырымдылық акциясына ерекше үлес қосып келеді.

«Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, жалғыз басты зейнеткерлер мен ата-ана қамқорлығынан айрылған балаларға азық-түлік себеттері, медициналық қорғаныс құралдары, дәрі-дәрмек, басқа да күнделікті тұрмысқа қажетті химиялық заттар жеткізілді. Аймақтардағы алдыңғы шепте күресіп жатқан ақ халатты абзал жандар мен бақылау бекеттерінде тұрған ішкі істер саласының қызметкерлері де ұмыт қалған жоқ. Оларға Ассамблея мүшелері ыстық тамақ тарату ісін қолға алған», делінген, ҚХА таратқан хабарламада. Бұл игі шаралар еліміздің әр өңірінде әлі де жалғасуда.

Бұған қоса, пандемия кезінде халықты рухани қолдауға бағыттылған мәдени шаралар үзілген жоқ.   Ел көлемінде Абайдың 175 жылдығына орай ақын өлеңдерін оқу эстафетасы, Қазақстан Халқы Ассамблеяның 25 жылдығына арналған «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы», мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді көздейтін «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі», «Мәміле» сынды бірқатар жоба  онлайн режимінде жұртшылық назарына ұсынылды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: almaty.tv