Карантин режимінен кейін қай елге саяхат жасауға болады?

Карантин режимінен кейін қай елге саяхат жасауға болады?

Коронавирустық пандемияға байланысты көптеген елдерде шекаралар жабылып, туризм индустриясы тұралап қалды. Осылайша, туроператорлар миллиондаған доллар шығынға ұшырады. Осы себепті мереке қарсаңында кейбір елдер туристер үшін курорттық зоналарын ашуды қарастырып отыр.

Бірінші кезекте қазақстандық саяхатшылардың сүйікті  демалыс аймағына айналған Түркия елі тұр. Елдің туризм министрі Мехмет Ерсойдың мәлімдеуінше, мұнда тамыздың аяғынан бастап туристік ағым қалпына келтіріледі деп күтілуде. Ол қазірдің өзінде қонақ үйлер туристік маусымға тыңғылықты дайындалып жатқанын атап өтті. Қазір қоғамдық орындар мен аттракциондар әлеуметтік қашықтықтың талаптарына сай жаңартылуда. Қонақ үйлерде all inclusive жүйелер болмайды. Олардың барлығы біріктірілген тамақтану жүйесіне ауысады.

Ал Солтүстік Кипр шілде айынан бастап жиһанкездерді қабылдауды жоспарлап отыр. Айта кетейік, мұнда эпидемия басталғалы мыңға жетер жетпес адам коронавирус індетіне шалдыққан. Сондықтан шекараны ашуға барлық мүмкіндік бар.

Тағы үш ел, Австрия, Грекия және Португалия осы жазда туристерге есігін айқара ашпақ. Осы елдердің ресми органдарының хабарлауынша, жақын уақытта тұрақты рейстер қайта жанданады.

Нидерландта фермерлер биыл коронавирусқа байланысты елге келе алмаған туристерге гүл өрістерінде «келесі жылы кездескенше» деп жазба қалдырған. Айта кетейік, жыл сайын гүлдейтін қызғалдақтар Голландияның көрікті жерлерінің біріне айналған.

 

Фото: tourprom.ru