Карантинді бұзғандарға – ату жазасы. Әлем елдерінің коронавируспен күрестегі қатаң шаралары

Карантинді бұзғандарға – ату жазасы. Әлем елдерінің коронавируспен күрестегі қатаң шаралары

Нигерияның қауіпсіздік күштері карантиндік режимді сақтамаған 18 адамды өлім жазасына кесті. Таңнан бері әлеуметтік желілерде тараған бұл ақпарат әлем халқын дүрліктірді. Кенияда да коменданттық сағатты елемеген 13 жасар бала және Филлипинде 63 жасар азамат қарулы күштердің  оғына ұшып, қаза тапты. Дәл осы Филлипин елінің Президенті төтенше жағдай талаптарына бағынбағандарға заңды түрде оқ атуға рұқсат берді. Ал Үндістанда ережеге құлақ аспағандарды сабасына түсіру үшін соқының астына алынып, таяқпен ұруға рұқсат.

Әлем елдерінің бәрінде бірдей мұндай қатаң жазаларға жол берілмейді. Мемлекеттердің дені әкімшілік жазаға тартады. Шектеу мен тыйым шараларын бұзғандар көбіне айыппұл төлейді. Кей жағдайларда қоғамдық жұмыстарға мәжбүрленеді немесе бірнеше тәулікке қамауға алынады.

Мәселен, Францияда төтенше режимді бұзғандарға 1500 еуро айыппұл қарастырылған. Ресейде ол үш есе аз, 500 доллар көлемінде айыппұл тағайындалды. Ал Қазақстанда бұл заң бұзушылық 10 АЕК мөлшерінде бағаланады, яғни 60 еуро шамасында. Ал АҚШ азаматы ережені сақтамаса 100 мың долларға дейін айыппұл төлеуге мәжбүр болады.

Швеция тұрғындары бұл жөнінде еш қам жемейді. Бұл елде коронавирус өршігенімен төтенше жағдай әлі күнге дейін жарияланған жоқ. Дейтұра, қатерлі індетпен күресу үшін бірқатар шектеу шаралары енгізілген. Швеция жалпы ел халқының ұжымдық иммунитетін инфекцияға бейімдеу жолын таңдады. Алайда, бұл ойлары сыр бергенге ұқсайды. Вирустың тарау аймағы кеңейіп барады. Бүгінде елде коронавирус жұқтырудың 18 мыңнан астам дерегі тіркелген. Бұл бағытты Финляндия, Дания, Исландия мен Норвегия елдері де ұстануда. Тұрғындар еркін өмір сүру салтын жалғастырып келеді. Беларусь Президенті Александр Лукашенко да әлі-ақ пандемияны карантинсіз жеңеміз деген пікіріне берік.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметтеріне сүйенсек, қазір әлем бойынша 3 миллион 138 мың адамнан коронавирус анықталған. Бұл ретте әлі де АҚШ көш бастап тұр. Онда қатерлі індет жұқтырғандардың саны 1 миллионнан асты. 56 мыңнан астам науқас кеселден көз жұмды. Екінші орында 232  мың азаматы короновирусқа шалдыққан Испания елі.  Үшінші сатыда Италия мемлекеті. Онда қатерлі індеттің 201 505  жағдайы тіркелген.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: ren.tv