Қазақстандықтар ішкі туризмді таңдайды

Қазақстандықтар ішкі туризмді таңдайды

Қазір туризмнің тұралап қалған кезі. Азаматтар шетелге жоспарлаған сапарларынан бас тартты, тек аз бөлігі ғана кейінге шегеруге бел буған. Мұндай бұрын-соңды болмаған, дейді туркомпаниялардың өкілдері. Турагент Роза Есенқұлованың айтуынша, карантин басталғалы бері бір де бір жолдама сатылмаған. Кейбір қазақстандықтар қоңырау шалып жатқан көрінеді. Бірақ оларды қызықтыраны Мальдив аралдары немесе Тайланд емес, олар жергілікті бағыттарға сапар сұрайды.

«Әзірге тек сұрап хабарласып жатыр, жолдама сатып алғандары жоқ. Алакөл, Ақтау туралы сұрайды», - дейді турагент.

Ішкі туристік бағыттарға деген қызығушылық шынымен де артып келеді, дейді «Kazakh Tourizm» ұлттық компаниясындағылар. Бурабай, Алакөл, Каспий теңізі. Қазақстандықтар жиі сұрайтын сапар бағыттары – осылар. Аталған аймақтарда жақында жаңа қонақүйлер салынып, онда «all inclusive» жүйесі ұсынылатын болады. Қазақстандықтардың таңдауы түсетін тағы бір бағыттарға Тараз, Түркістан және Алматы облысы жатады.

«Биыл көлік қатынасына ерекше назар аударылатын болады. Мысалы, отандық лоукостер пандемия басталмас бұрын еліміздің ірі қалаларын курорттық аймақтармен байланыстыратын 10 жаңа әуе бағытын ашқан. Түркістан, Шымкент, Үшарал, Қызылорда қалаларында әуе айлақтары қайта жөндеуден өтті», - деп мәлім етті «Kazakh Tourizm» ҰК баспасөз хатшысы Ернұр Кенжебеков.

Қазақстандықтарды ішкі туризмнің қандай бағыттары көбірек қызықтыратынын анықтау мақсатында компания арнайы квест-ойын ұйымдастырған. Пайдаланушылар «Сізге Қазақстанның қай аймағы демалуға ыңғайлы?» деген сұраққа жауап беруге тиіс. Ең жиі айтылған жауап - «Каспий теңізінің жағалауы». Бұған қарап, қазақстандықтардың көбінесе жағажай туризмін қалайтынын түсінуге болады, дейді Ернұр Кенжебеков. Сондай-ақ, оның айтуынша, Қатон-Қарағай мен Алматы өзінің тау кластерімен қызықты. Карантин алынған соң дәл осы бағыттарда ел ішінде сапарлар жиілейтіні анық. Атап өтерлігі, елімізде ТЖ режимі 11 мамырға дейін ұзартылды. Ал Нұр-Сұлтан және Алматы арасында мамырдың бірінен бастап әуе қатынасы ашылады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: .inform.kz​