ҚХА: ұлттық тағамдар әлеміне саяхат

ҚХА: ұлттық тағамдар әлеміне саяхат

Еліміздің түрлі этномәдени бірлестіктерімен бірге аспаздық саяхат. Хингалши, хинкали, бармак, долма, чапилгаш және басқалары. Мұнда ұсынылған ұлттық тағамдардың дәмі тіл үйіреді. Мәселен, бұл шанешкілерді Қостанайдағы Беларусь-Балтық этномәдени бірлестігінің өкілдері дайындаған. Оны әзірлеудің қыр-сырымен олар Қазақстан халқы Ассамблеясы бастаған #біргеүйдедайындаймыз челлендж аясында бөлісті.

Тағам дайындау өте қарапайым, дейді ас үй ханшайымдары. Қамырды илеп, салмасын дайындау қажет. Піскен картопқа май мен сүт қосып, езбе жасалады. Дәміне қарай дәмдеуіштер мен шөптерді қосуға болады. Қамырдан арнайы пішін жасап, ішін картоп езбесімен толтырамыз да, алдын ала қыздырылған пешке 20 минут қоямыз. Кейін шанешкілерді алып шығып, бетіне жұмыртқаның сарысын жағамыз да, қызарғанша пісіреміз.  Тағам дайын.  

Ал Қостанайдағы «Дуслык»  татар-башқұрт этномәдени орталығының өкілдері жаңғақ салындысы бар үгілмелі қамырдан «бармак» тәтті печеньесін дайындады.

Ол үшін алдымен салмасын дайындап алу қажет. Грек жаңғағын үгітіп, қант, ванильді қант және ерітілген май қосып араластыру керек. Қамырды үш бөлікке бөліп, әр бөлігін жұқа етіп жаяды. Кейін қамырды шаршы етіп кесіп, әрқайсысына жаңғақ салмасын салып, орама жасайды. Печенье 180 градуста 20-30 минутта дайын болады. Салқындаған соң үстіне қант ұнтағын себу қажет.

Аспаздық интернет-жоба карантинде түрлі ұлттардың тағамдарымен танысуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда бұл челленджге поляк, татар-башқұрт, түрік, шешен және славян этномәдени бірлестіктері қатысып үлгерген.

Ұлттық тағамдардың бейнерецептерін мына сілтемені басу арқылы көруге болады: 

Авторы: Әсел Күшенғалиева