Мәдени ұйымдар өнері онлайн режимінде қолжетімді

Мәдени ұйымдар өнері онлайн режимінде қолжетімді

Өнер үшін шектеу жоқ. Төтенше жағдайға қарамастан еліміздің мәдени өмірі әдеттегідей қоғаммен бірге қайнап жатыр. Тек әзірге онлайн режимінде. Мәселен, Тәуелсіздік сарайы баспасөз қызметінің хабарлауынша, көрмелермен әлеуметтік желілерден танысуға болады. Бүгінде мекеменің «Наполеон. Өмір. Аңыз» және Итику Кубато кимоно шеберінің көзімен» атты көрмелерді қашықтан тамашалау мүмкіндігі жасалған. Соңғысының экспонаттары Жапониядан арнайы жеткізілген.

Сондай-ақ Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай «Білім» фотокөрмесі ұйымдастырылған. Көрермендерді бұдан да өзге қызықтар күтеді.

«Әлеуметтік желілердегі аккаунттар арқылы Тәуелсіздік сарайы ұйымдастырған шараларды ұсынамыз. Мәселен, Нұр-Сұтан қаласының бас құрылыс жоспарын онлайн саяхат арқылы тамашалауға болады. Сондай-ақ заманауи қазақстандық қылқалам шеберлерінің өнегелі өмірі мен  шығармашылығы жайында жарияланған мақалаларды оқуға болады. Біздің танымал суретшілер мен қолданбалы өнер шеберлерімен өтетін тікелей эфирлеріміздің қонағы болуға шақырамыз», - дейді көрмелер ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айнұр Әбілхайырова.

Карантин кезінде онлайн көрермендердің қатары артты, дейді маман. Мұрағаттық көрмелер де көрпшіліктің қызығушылығын тудырған.

Төтенше жағдайға байланысты опрералар мен балет қойылымдарында үйден шықпай-ақ тамашалау мүмкіндігі жасалып отыр. «Астана Опера» театры күн сайын  репертуарлық қордағы үздік туындылардың жазбаларын өнер сүйер қауымның назарына ұсынып келеді. Бұл тізім 10 мамырға дейін жасалған. Мәселен, бүгін сағат 18:00-де Джузеппе Вердидің «Италиядан хаттар», ал ертең дәл осы уақытта «Травиата» операсы көрсетіледі. Авторлық құқықтарға байланысты бұған дейін бұл әлемдік деңгейдегі жауһарлы қойылымдардың онлайн трансляциясы жасалмағанын айта кеткен жөн.

Әнші Айнұр Әбдиева мен Ербол Нариманұлы да поп музыка сүйерлерін өз өнерлерімен қуантады. Онлайн режиміндегі әуезді кеш бүгін сағат 20:00-де өтеді. Концертті елордалық филармонияның ресми сайты мен әлеуметтік парақшаларынан көруге болады.

Кішкентай көрермендер де назарсыз қалмайды. Бас шаһардың қуыршақтар театрының ұыжымы күні бойы балалардың көңілін аулайтын онлайн бағдарлама құрып қойған.  Бүгін түсте балаларға актерлік шеберлік, ал 16:00 қолданбалы өнер бойынша онлайн сабақтар өтеді. Кешкі 21:00 мен 22:00 Instagram - @teatrkukolnursultan. желісінде аудиоертегілер тыңдауға болады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: tengrinews.kz