Онлайндағы спорт: қазақстандық спортшылар жаттығулардан қол үзген жоқ

Онлайндағы спорт: қазақстандық спортшылар жаттығулардан қол үзген жоқ

Спорт – денсаулық кепілі. Әсіресе қимыл-қозғалыс пен белсенділік азайған карантин режимінде спортты серік етудің пайдасы зор. Еліміздегі жаттығу залдары мен фитнес орталықтары қаңырап қалғанымен жаттықтырушылар қол қусырып отырған жоқ. Денис Гордиенко бұрын арнайы құралдармен жабдықталған залда ондаған адамды бірден жаттықтыратын. Оқшаулау режимі басталғалы бері жаттығу залдан үйге ауысты. Барлық жаттығушыларды қашықта отырып-ақ қадағалайды. Айтуынша, дене жаттығулары шымыр етіп қана қоймай, иммунитетті де арттырады.

ДЕНИС ГОРДИЕНКО, БАПКЕР:

 - Күнделікті жаттығу, дұрыс тамақтану мен ұйқы. Міне осылардың барлығын теңестірілген деңгейде ұстанса, иммунитет марафонға қатысушылармен бірдей болады. Қазіргі коронавирус індетінің белең алуына байланысты өкпеге көп жаттығу жасау керек. Жүгіру арқылы жүректің жұмыс істеуі жақсарады. Мен өз баптап жүрген адамдарға күнделікті әнмен сүйемелденген жаттығу тапсырмаларын беремін.

Жыл он екі ай жаттығу жасап, жарыс көрігін қыздырып жүретін спортшыларымыз да қазіргі уақытта жіпсіз байланып отыр. Биыл төрт жылда бір келетін олимпиада ойындары өтуі керек еді. COVID-19 індеті Токио бәсекесін күтіп жүрген отандық спортшыларымызды тығырыққа тірегенімен, спортты өмірлік серігі еткендер құр жатқан жоқ. Олар үйде жүріп-ақ баптарын жоғалтпауға тырысып бағуда.  Бүгінгі таңда спортшыларымыз әлеуметтік желі арқылы әртүрлі жаттығулар жасап, жастарға үлгі көрсетіп жүр. Ал Zoom платформасы олардың жаттығу алаңына айналған.

ЖІГЕР ӘЗБЕРГЕНОВ, ҰЛТТЫҚ ОЛИМПИАДА КОМИТЕТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

 - Спортшыларымыз карантин уақытын тиімді пайдаланып жатыр. Олардың барлығы бас жаттықтырушыларымен байланыста. Сондай-ақ, спортшыларымыз өздерінің жаттығуларымен оқырмандарымен де бөлісіп, бірге жаттығуда.

Жігер Әзбергеновтың айтуынша, спорттық үлкен бәсекелер тоқтап тұрғанымен түрлі онлайн турнирлер желіде қызу жүріп жатыр. Мәселен киберспорттан өтетін гаджеттік турнирге 5000-ға жуық қазақстандық өтініш білдірген. Онлайн сайыс 31 мамырға дейін жүреді. Қашықтан өтетін турнирлер мен түрлі сайыстар спорт сүйер қауым үшін алда да ұйымдастырылып тұрмақ.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: almaty.tv